10 қаң, 2022 сағат 11:15

Мемлекеттік хатшы елдегі ахуал туралы: Ең қиын сәттен өттік


ҚР Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин елдегі ахуал біртіндеп қалыпқа түсіп жатқанымен, сақтықты жоғалтуға болмайтынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы ол «Хабар 24» телеарнасына берген сұхбатында айтты.

«Негізгі кезеңнен өткеннен кейін сарапшылық талқылаулар, соның ішінде жалған сарапшылық талқылаулар аяқталғаннан кейін нақты фактілер мен хронологиялар негізінде осы оқиғалардың шынайы ауқымы мен шынайы сипаты бәріне түсінікті болады деп ойлаймын», - деді Мемлекет хатшы сұхбат барысында.

Сондай-ақ, ол елдегі ахуалдың тұрақтану қарқыны туралы да пікір білдірді.

«Мен өз-өзімізді алдандырып, арқаны кеңге салғанымызды қаламас едім. Мұндайға жол берілгенін қаламаймын. Өйткені барынша салмақты тәуекел сақталып тұр. Барша қызметтер толық дайындық режиміне көшкен. Астанамыздың өзінде осындай ширыққан жағдай байқалады деп айтуға болады. Сондықтан, азамттарымызға сақ болу керек. Неге? Сіздердің арналарыңыздан көрген шығармын, азаматтарда күдікті тұлғалар, обьектілер туралы мәлімет болса, құзырлы органдарға хабарлауды сұраған мәліметтер шығып жатыр», - деді Ерлан Қарин.

Оның айтуына қарағанда, мұндай хабарландырулар жайдан-жай берілмейді. 

«Өйткені қатер ішімізде, қауіп жанымызда. Сондықтан сақ болу керек. Бірақ менің ойымша, ең бір шиеленісті, шетін сәттер өтіп кетті. Бұл жерде Президенттің өзі негізгі рөл атқарды деп есептеймін. Өйткені күштік құрылымдарды пайдалануда нақты бағдарланған шешімдер қабылдады. Мемлекеттік органдарға айқын нұсқаулар беріп, тіпті ақпарат алаңында да бастаманы өз қолына алды. Яғни күн сайын халыққа шығып, бәрін қарапайым тілмен нақты баяндап отырды», - деді Мемлекеттік хатшы.