21 сәу, 2020 сағат 15:27

Мемлекет қазіргі жағдайға уақытылы әрі нақты жауап қатып отыр – Рахым Ошақбаев Президенттік қолдау жайлы

«Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев Қазақстандағы төтенше жағдай кезіндегі әлеуметтік қамқорлық үшін жасалып жатқан Президенттік қолдауға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Былтыр елдегі әлеуметтік саясат негіздеріне қатысты зерттеулерді бастаған едік. Әлеуметтік саясат дегеніміз – өте үлкен сала екенін бірден айта кеткім келеді. Тиісінше, бір дөңгелек үстелдегі талқылау арқылы кешенді көзқарасты қалыптастыру мүмкін емес», - деді Рахым Ошақбаев онлайн режимдегі дөңгелек үстел барысында. 

Әлеуметтік төлемдер туралы айта келе спикер зерттеулердің бірін «42 500 теңге үшін шайқас» деп атағанын алға тартады.

«Өздеріңіз білетіндей, 23 наурызда Мемлекет басшысы елде төтенше жағдайдың жариялануына байланысты табысынан айырылып қалған азаматтарға 42 500 теңгеден әлеуметтік төлем аударуды тапсырған еді. Жалпы мемлекет пен билік қазіргі жағдайға ойлы жауап қатқанын атап өткіміз келеді. Себебі карантин уақытында көп кәсіпкердің бизнесі тоқтап, адамдар табысын, жұмысын жоғалтты. Тиісінше мемлекет осынау күрделі кезеңде оның салдарын жоюға көмек қолын созуы тиіс. Тапсырма уақытында, нақты беріліп отыр», - дейді Рахым Ошақбаев.