Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысындағы төтенше оқиға бойынша өткен шұғыл жиналыста қайтыс болған азаматтардың үй-ішіне көңіл айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қарулы Күштеріміздің оқ-дәрісі сақталатын қойманың бірінен өрт шықты. Артынан бірнеше жарылыс болды. Жергілікті тұрғындар аман-есен. Өкінішке қарай, әскери қызметшілер мен құтқарушылар арасында адам шығыны бар. Олар қызметтік міндетін атқару барысында ерлікпен қаза тапты. Қайтыс болған азаматтардың отбасына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Жарақат алған адамдардың тезірек сауығып кетуін тілеймін, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Бас Прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне Жамбыл облысындағы оқыс оқиғаның мән-жайын және кінәлілерді анықтау үшін сотқа дейінгі тергеу амалдарын мұқият жүргізуді тапсырды.
«Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне оқыс оқиғаның мән-жайын және кінәлілерді анықтау үшін сотқа дейінгі тергеу амалдарының мұқият жүргізуді қамтамасыз етсін. Бесінші мәселе, Ішкі істер министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, қоғамдық тәртіпті, азаматтардың қауіпсіздігі мен дүние-мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету үшін кешенді шаралар қабылдасын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
