Көктемгі егіс науқаны мәселелері шешімін тапты. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесінде айтылған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Ауыл шаруашылығы еңбеккерлері қиындыққа қарамастан жұмыс істеуде. Шаруалардың еңбегіне дән ризамыз. Көктемгі егіс науқаны мәселелері шешімін тапты. Бұл жұмысқа ешқандай кедергі болмауы керек. Ауыл шаруашылығы министрлігіне және әкімдерге осындай міндет жүктеледі», - деді ҚР Президенті.
Мемлекет басшысының дерегінше, осы науқанға және өнімді алдын ала сатып алуға 200 млрд теңге бөлінді. Соның 70 млрд-ы тұқым өндірісін дамытуға, тыңайтқыштар сатып алуға жұмсалады.
«Жалпы, азаматтар мен бизнесті қолдау үшін 6 триллион теңгеге жуық қаржы бөлініп отыр. Бұл – қомақты қаражат. Үкімет пен құзырлы органдардың міндеті – қаржының тиімді жұмсалуын және осы үдерістің барынша ашық болуын қамтамасыз ету», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.