06 мау, 2018 сағат 11:33

Мемлекет басшысы Шетелдік инвесторлар кеңесінің жаңа мүшелерін таныстырды

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Президентінің жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 31-ші пленарлық отырысында аталмыш кеңестің жаңа мүшелерін таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жұмысқа кіріспес бұрын мен Сіздерге кеңестің жаңа мүшелерін таныстырып өтейін. Олар - «Эксон мобил продакшн» компаниясының Президенті Нил Даффин, «Еуразиялық даму банкінің» Басқарма төрағасы Андрей Бельянинов, «Philip Morris International» (PMI) компаниясының Шығыс Еуропа бойынша Президенті Марко Мариотти, «Марубени корпорейшон» компаниясы төрағасының орынбасары Шигеруа Ямазуя. Кеңестің мүшелігіне сонымен қатар, Қазақстанның тарапынан «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов енді. Сонымен бірге, кеңеске мүшелікке ену туралы өзге де өтінімдер бар. Олардың бәрі де біз бекіткен тәртіп бойынша қаралады», - деді Президент.

Президенттің айтуынша, бүгінгі таңда әлем цифрландыру дәуіріне, Төртінші өнеркәсіптік революцияға өтіп келеді.

«Әлемде терең технологиялық өзгерістер болып жатыр. Міне, дәл осы тақырып біздің бүгінгі талқының тақырыбын айқындап берді. Осы бағытта біршама бағдарламаларды жүзеге асырып жатырмыз», - деді Мемлекет басшысы.

Еске сала кетсек, бүгін Астанадағы «Тәуелсіздік сарайында» Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысы басталды.