16 нау, 2020 сағат 12:15

Мемлекет басшысы: "Сақтанғанды Құдай сақтайды"

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет қорынан дәрі-дәрмек, тест жүйелерін және зертханаға арналған жабдықтарды алу үшін қаражат бөлінгенін мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Ойын-сауық орталықтары, кинотеатрлар мен театрлар, көрмелер мен халық көп баратын басқа орындар уақытша жабылады. Оқушылар демалысқа жіберілді. Студенттер қашықтан оқыту жүйесіне көшті. Сондай-ақ азаматтарымыз отбасылық іс-шараларды өткізбегені жөн деп санаймын. Қазақстан аумағына кіруге және шығуға шектеу қойылады. Мемлекеттік шекара бойындағы өткізу бекеттерінде, вокзалдар мен әуежайларда санитарлық режім күшейтілді. Менің тапсырмам бойынша Үкімет қорынан дәрі-дәрмек, тест жүйелерін және зертханаға арналған жабдықтарды алу үшін қаражат бөлінді. Ауруханаларда орын жеткілікті. Осы шаралардың бәрі де - азаматтардың денсаулығы үшін жасалып отырған өте маңызды қадамдар», - деді Мемлекет басшысы қазақстандықтарға жолдаған үндеуінде.

Президент өз сөзінде "сақтанғанды Құдай сақтайтынын" баса айтты.

Естеріңізге сала кетсек, ҚР Президентінің Жарлығымен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялауына байланысты азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының барлық аумағында 2020 жылғы 16 наурыз 08 сағат 00 минут пен 2020 жылғы 15 сәуір 07 сағат 00 минут аралығында төтенше жағдай енгізілді.