Партияға сенім мен ынтымақтастыққа негізделген қарым-қатынастың жаңа мәдениеті керек. Бұл туралы AMANAT партиясының съезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Президент партия ребрендингі оның атауы мен жазылуын өзгертуді ғана білдірмейтінін атап өтті. Бірінші кезекте барша партиялық жұмысты қайта құру керек.
Айтылған ұсыныстарды қолдай отырып, партия Төрағасы біқатар басым міндетті айқындап берді.
Оның пікірінше, ең алдымен, орталыққа тәуелділікті жою және партия аппаратының тиімділігін арттыру қажет.
«Партия аппаратының жұмысында бюрократияның теріс сипаттары анық көрінді. Желілік кестелер, есеп беру және қағаз жүзіндегі іс-шаралар сайлаушылармен тікелей жұмыс істеуді екінші орынға сырғытты. Жұмысқа құлшынып тұрған азаматтар өз орындарын дарынсыз функционерлерге беруге мәжбүр болды», - деді Президент.
Мемлекет басшысының пайымынша, орталық аппараттың филиалдармен және бастауыш партиялық ұйымдармен өзара іс-қимыл әдістерін толығымен қайта қарау қажет.
«Бюрократия мен қағазбастылықтан үзілді-кесілді бас тарту керек. Аймақтық филиалдар мен бастауыш ұйымдары сайлаушылармен өздігінен жұмыс істей алады және жұмыс істеуге міндетті. Орталық аппарат нұсқаушылық және «қолмен» басқару тәжірибесінен арылуға тиіс. Оның мақсаты – жалпы партиялық векторды құру, әдістемелік әрі идеологиялық қолдауды қамтамасыз ету, кадрларды оқыту, жүйелі проблемаларды талдау. Партияға сенім мен ынтымақтастыққа негізделген қарым-қатынастың жаңа мәдениеті керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.