09 қаң, 2022 сағат 21:08

Мемлекет басшысы «нон-стоп» режимінде жұмыс істеп жүр – Берік Уәли


Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдегі төтенше жағдай режимі кезінде қалай жұмыс істеп жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Президенттің шешімдері мен үндеулері бойынша блогосферада әртүрлі сипаттағы түсіндірмелер көбейіп кеткені рас. Осыған байланысты арнайы мәлімдеме жасау қажет деп санадым. Себебі Қасым-Жомарт Тоқаев - мемлекетіміздегі ең жоғарғы лауазымды тұлға және Қауіпсіздік кеңесінің Төрағасы. Сондықтан Мемлекет басшысы дербес шешім қабылдайды. Конституциялық құрылымға нұқсан келтіруді көздеген содырлардың Қазақстанға шабуыл жасаған қайғылы күндерде де сондай шешімдер қабылдаған. Қасым-Жомарт Кемелұлы отандастарымызға арнаған өзінің үндеулерін кеңесшілерінің көмегінсіз, әдеттегідей өзі жазды. Бастан-аяқ өзі редакциялады. Осы сәтті пайдалана отырып, тағы да айтқым келеді, Мемлекет басшысының жұмысы туралы ақпаратты таратып, түсіндіруге Президенттің баспасөз хатшысынан басқа ешкімнің қатысы жоқ. Яғни, мен ғана бұл туралы нақты, ресми ақпарат тарата аламын», - деді Берік Уәли «Хабар 24» телеарнасының эфирінде.

Сондай-ақ ол Президенттің барша жұмысты Ақордада атқарып отырғанын атап өтті.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Маңғыстауда басталып, 4 қаңтарда ауқымы кеңейіп, соңы террорлық шабуылға ұласып кеткен сәттен бастап, осы оқиғалардың бәрін Ақордадан қадағалап, жұмыс істеп отыр. Мемлекет басшысы күні-түні «нон-стоп» режимінде жұмыс істеп, елдегі жағдайды толық бақылауда ұстап отыр деп айтуға болады. Оны өздеріңіз де көріп, біліп отырсыздар», - деді Президенттің баспасөз хатшысы.