Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевты қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.
Қазақстан Президентіне Қарулы Күштерді қалыптастыру және дамыту, қорғаныс саласының шығындарын оңтайландыру жұмыстары туралы баяндалды.
Министрдің айтуынша, жүргізілген талдау жұмыстары мен штабтық-ұйымдастыру шаралары биыл 10 миллиард теңге үнемдеуге мүмкіндік береді.
Нұрлан Ермекбаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа армияны заманауи қару-жарақпен жабдықтау, әскери техникаларды жөндеу және жаңғырту жөніндегі жоспары, сондай-ақ, электронды әскери комиссариат жобасын енгізу үдерісі туралы айтты.
Кездесуде Арыс қаласында болған төтенше жағдайдың салдарын жою және оқ-дәрі сақтау инфрақұрылымын жетілдіру үшін жүргізілген жұмыстарға баса мән берілді.
Мемлекет басшысы Қорғаныс министріне халықаралық әскери-техникалық ынтымақтастықты нығайту, армияны тиімді әрі бәсекеге қабілетті қару-жарақпен жабдықтау, әскери білім беру ісінің және әскери дайындық үдерісінің сапасын арттыру, сонымен қатар, әскери парадқа дайындық барысы жөнінде бірқатар тапсырма берді.