18 там, 2023 сағат 19:47

Мемлекет басшысы «Қазақфильм» төрағасын қабылдады

Фото: Polisia.kz

Мемлекет басшысы «Қазақфильм» АҚ төрағасы Азамат Сатыбалдыны қабылдады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесуде отандық кинематографияны және жалпы мәдениет саласын дамыту мәселелері талқыланды.

Азамат Сатыбалды Президентке «Қазақфильм» қызметіндегі түйткілді мәселелер туралы баяндап, киностудияның статусын көтеруге қатысты ұсыныстарын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақфильмде» заманында отандық кино өнерінің бір шоғыр көрнекті өкілдері еңбек еткенін атап өтті.

Президент кәсіби киногерлермен қатар, ұлттық интеллигенция, азаматтық қоғам өкілдерінің, аға буын мен жастардың шығармашылық әлеуетін жұмылдыра отырып, аталған саланың қордаланған проблемаларын кешенді әрі дәйекті түрде шешу маңызды екеніне назар аударды. Мемлекет басшысының пікірінше, кино өндірісін креативті индустрияның жеке секторы ретінде қарастыру керек.

Мемлекет басшысы отандық кинематографияны одан әрі дамыту мәселесі айрықша бақылауда болатынын айтты.