24 мам, 2021 сағат 20:18

Мемлекет басшысы Димаш Құдайбергенді туған күнімен құттықтады


Бүгін Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова танымал əнші Димаш Құдайбергенді қабылдап, туған күніне орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын табыстады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Құрметті Димаш!

Жас кезіңнен өнер жолын таңдап, үздіксіз еңбектің нəтижесінде үлкен белестерді бағындыра білдің. Алдымен республикалық, кейін халықаралық байқауларда дара шықтың. Əн арқылы ұлттық құндылықтарымызды дəріптеп, қазақтың тілін, қоңыр домбырасын, ізгі дəстүрлерін əлемге танытып келесің.

Алдағы уақытта еліміздің рухани-мəдени саласын өркендетуге мол үлес қосып, білімің мен кəсіби біліктілігіңді жетілдіре беретініңе сенім артамын. Өзіңе денсаулық, жаңа табыстар тілеймін!», - деп жазылған Мемлекет басшысының құттықтау хатында.

Осыдан кейін Ақтоты Райымқұлова туған күн иесін өз атынан құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.

«Сіз Ұлы дала елі өнерін ғаламдық деңгейде танытып келе жатқан өнерпаз ретінде халықтың ыстық ықыласы мен құрметіне бөленіп жатырсыз. Туған жердің топырағымен дарыған дарын мен талғамның, табанды ізденіс пен қажырлы еңбектің арқасында жаһан халықтары сүйіп тыңдайтын əншіге айналдыңыз. Сіз бағындырған биік белестер мен толағай табыс ізіңізден ерген жастар үшін үлгілі сүрлеу.

Алдағы уақытта да жүрек қылын шертетін туындыларыңыздың қатары көбейіп, өнерсүйер қауымды қуанта беруіңізге тілектеспін», - деді министр.