05 там, 2020 сағат 14:15

Мемлекет басшысы Білім және ғылым министрін қабылдады

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовті қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


 

Асхат Аймағамбетов Қасым-Жомарт Тоқаевқа Білім және ғылым министрлігінің жаңа оқу жылына дайындығы және бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалу барысы жайында есеп берді.

Президент жаңа оқу жылын дұрыс ұйымдастырудың маңызды екенін ескертті. Әсіресе қашықтан оқыту кезінде әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға қолдау көрсету қажеттігіне баса назар аударды.

Мемлекет басшысы Білім және ғылым министріне педагогтердің мәртебесін көтеру жөніндегі жұмысты жалғастыруды, ұстаздарды негізгі қызметінен бөлек жұмысқа жұмылдырмауды және 2021 жылғы қаңтар айына жоспарланған мұғалімдердің жалақысын 25%-ға арттыруды қамтамасыз етуді тапсырды.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары оқу орындарының академиялық дербестігін одан әрі кеңейту, жоғары білімнің сапасын арттыру және ЖОО-дағы ғылымды дамыту туралы тапсырма берді.