07 қаз, 2020 сағат 12:11

Мемлекет басшысы: Әуежайлар мен темір жолдарда қатаң эпидемиялық бақылау енгізу керек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке шет елдермен, әсіресе жағдай күрделеніп тұрған мемлекеттермен жол қатынасын барынша оңтайландыруды тапсырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Біріншіден, басқа мемлекеттерде эпидемиологиялық ахуалдың күрделенуіне байланысты мемлекеттік шекарадағы өткізу бекеттерінде бақылауды күшейту керек. 2020 жылдың 5 қазанындағы жағдай бойынша, Ресейде коронавирус жұқтырудың 12 608 (өсім шамамен 1 пайыз), Өзбекстанда 374 (өсім 0,5 пайыз), Қырғызстанда 244 жағдай (өсім 0,5) тіркелді», - деді Президент коронавирус індетінің екінші кезеңіне дайындық мәселелері бойынша кеңесте сөйлеген сөзінде. 

Президенттің есептеуінше әуежайларда, теміржол вокзалдарында қатаң эпидемиялық бақылау режимін қайта енгізіп, «қызыл аумақтан» келетін адамдарды экспресс-тестілеуден өткізу мәселесін жолға қою керек.

«Үкімет шет елдермен, әсіресе жағдай күрделеніп тұрған мемлекеттермен жол қатынасын барынша оңтайландыру керек», - деді ол.