Қазақстан Президенті Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің V саммитіне қатысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы өз баяндамасында Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонға қонақжайлылығы, Саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны және Президент болып сайлануымен құттықтағаны үшін ризашылық білдірді. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстанның Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске төрағалығы Кеңесті Азия аймағындағы өте маңызды мәселелерді шешу ісіне белсенді жұмылдыруға септігін тигізетінін айтты.
Қазақстан Президенті 1992 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөнінде кеңес өткізу жөніндегі ұсынған идеясы Азия құрлығының тарихында жаңа кезеңге жол ашқанын айтты.
Бүгінде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес – Азия өңіріндегі 35 мемлекетті және жер шарындағы халықтың жартысына жуығын біріктіріп отырған тиімді көпқырлы құрылым, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті қақтығыстардың өрши түскенін, қауіпсіздік механизмдерінің эрозиясын, сауда және санкциялық соғыстарды, сондай-ақ, халықаралық терроризмнің белең алғанын атап өтіп, өңірдегі қауіпсіздікке төнген қатердің, идеологиялық, этникалық және дінаралық қайшылықтардың өршіп келе жатқанына алаңдайтынын айтты. Осыған орай, ол Азиядағы қауіпсіздіктің түйткілді мәселелерін шешу үшін жүйелі әрі кешенді әдістердің қажет екеніне тоқталып, аталған проблемаға байланысты Қазақстанның ұстанымын жеткізді.
– Барша достарымыз бен серіктестерімізді Форумның тиімділігі мен халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін күш-жігер жұмылдыруға шақырамыз. Толыққанды өңірлік ұйым болу үшін бізге кеңесті рет-ретімен, біртіндеп трансформациялау қажет. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті институционалды түрде қалыптастыру үшін барлық жағдай жасалған, құқықтық базасы әзірленген, оның тұрақты құрылымдары жұмыс істеп жатыр, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың инклюзивті дамудың жаһандық архитектурасын қалыптастыру жөніндегі «Үш диалог» туралы бастамасының өзектілігін атап өтті. Мемлекет басшысы бұл идеяның құрамдас бөлігі Еуразия ауқымындағы өзара іс-қимылдардың жоспарын жасау үшін Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің және Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының, содан кейін Азия мен Еуропадағы басқа да өңірлік әрі көпжақты институттардың әлеуеттерінің синергиясын қамтамасыз ету болып саналатынын айтты.
– Даулы проблемалар мен қарама-қайшылықтарды басталған сәтінде шешу үшін конструктивті келіссөздерді қамтамасыз ету – күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі. Сондықтан, жақын арада Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес аясында халықаралық медиацияны жүзеге асыратын толыққанды ұжымдық қауіпсіздік жүйесі құрылуы әбден мүмкін, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық лаңкестікке қарсы іс-қимылдар үшін бірлескен жүйелі әдістер әзірлеу қажеттігіне арнайы тоқталды. Оның айтуынша, БҰҰ Бас Ассамблеясының 73 сессиясында қабылданған және 82 мемлекет қолдаған лаңкестіктен ада, бейбітшіліктің жетістігі жөніндегі мінез-құлық Кодексі Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес кеңістігіндегі лаңкестіктен туатын қауіптің алдын алатын ұсыныстар әзірлеуге негіз бола алады.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Кеңестің барлық маңызды бағыттары бойынша қатысушы елдердің нақты іс-қимылдарын кеңейтудің өзектілігін атап өтіп, жобалар мен Форумның басқа да жұмыстарын қаржыландыратын арнайы қор құруды ұсынды. Қазақстан Президентінің пікірінше, Қор Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің Іскерлік кеңесінің жұмысын қосымша ынталандыруға және Кеңеске қатысушы барлық мемлекеттің экономикалық игіліктеріне тың серпін береді.
Қасым-Жомарт Тоқаев іс-қимылдардың тағы бір өзекті саласы ретінде Кеңестің барлық өлшемдегі жұмыстарын сапалы сарапшылық сүйемелдеуді жолға қоюды атады.
– Тұрақты жұмыс істейтін диалогты платформаны қайта құру арқылы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің талдау орталықтарының әлеуетін арттырған жөн. Кеңестің жұмыс органдарына арналған ұсыныстарды жандандыруға мүмкіндік беретін Ғұламалар кеңесін құру мәселесін уақтылы әрі жан-жақты зерттеу керек деп есептейміз, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы жоғарыда ұсынылған бастамалардың жүзеге асырылуы Кеңеске мүше-мемлекеттердің ынтымақтастығын сапалы жаңа деңгейге көтеретінін және Қазақстанның қатысушы барлық мемлекеттің мүдделері үшін Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес аясындағы толық қанды іс-қимылдарға дайын екенін атап өтті.
Сондай-ақ, АӨСШК қатысушы мемлекеттер басшыларының V саммиті аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоғанмен кездесті.
Мемлекет басшылары екіжақты ынтымақтастықтың перспективаларын, аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерді талқылады.
Кездесу соңында тараптар бір-бірін өз елдеріне мемлекеттік сапармен келуге шақырды.
Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске қатысушы мемлекеттер басшыларының Бесінші отырысының қорытындысы бойынша тиісті декларация қабылданды.