31 жел, 2020 сағат 22:09

Президент: Алдағы жылы коронавирусқа қарсы тегін вакцина егуді бастаймыз

Алдағы жылдан бастап коронавирусқа қарсы тегін вакцина егуді бастаймыз. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды жаңа 2021 жылмен құттықтауы кезінде айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Өтіп бара жатқан жыл күллі әлем жұртшылығының есінде қалатын ерекше жыл болды. Дүние жүзі бұрын-соңды болмаған алапат індетпен бетпе-бет келді. Біздің халқымызға да оның зардабы тиді. Осындай қиын кезеңде тұтас ұлт болып бірлігіміздің қадір-қасиетін жете сезіндік. Дертке шалдыққан әрбір адамның тезірек сауығып кетуін тіледік. Бірақ, індет адам талғамайды. Пандемияның салдарынан көптеген азаматтарымыздан айырылып қалдық. Олардың ішінде елімізді өркендетуге зор үлес қосқан танымал тұлғалар да бар. Өмірден өткен адамдардың имандары саламат болсын! Енді мұндай қасірет қайталанбасын. Бұл үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Әр азамат мемлекеттің қамқорлығында болады. Алдағы жылдан бастап коронавирусқа қарсы тегін вакцина егуді бастаймыз. Оны азаматтардың қалауымен, ерікті түрде жүргіземіз», - деді Президент. 

Еске салсақ, алдын ала болжамға сәйкес, Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцина 65 жастан асқан, жүрек-қан тамыры ауруы, қант диабеті және созылмалы өкпе аурулары бар тәуекел тобына кіретін адамдарға және медицина қызметкерлеріне салынатын болады. Вакцина алатындардың болжамды саны 2 347 000 адамды құрайды.