Бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күнімен құттықтады. Онда Мемлекет басшысы 1 қазанды Радио қызметкерлері күні деп ресми бекітуді ұсынды.
Құттықтауда Президент ақпарат саласын дамытуға мемлекет тарапынан қашанда ерекше көңіл бөлінетінін, өз кәсібінің майталманы болған қарымды журналистерге қолдау көрсетілетінін атап өткен. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы биыл дәстүрлі Президент сыйлығы осымен жиырма бесінші рет табысталып отырғанын айтып: «Бұл сыйлыққа қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында ие болудың да символдық мәні бар. Сіздер егемендік жылдарында ұрпақтың бойына азаттық рухын сіңіруге зор үлес қостыңыздар. Мен мемлекет пен қоғамның ортасында алтын көпір болып жүрген журналистердің еңбегін жоғары бағалаймын» дейді.
«Соңғы кезде радио қызметкерлерінің кәсіби мерекесі жоқ екені жиі айтылып жүр. Мен Қазақ радиосының 100 жылдығы аясында 1 қазанды Радио қызметкерлері күні деп ресми түрде бекіткен жөн деп санаймын. Еліміз берекелі бірлік пен ырысты ынтымақтың арқасында өсіп-өркендей түссін! Журналистер жағымды жаңалығымен жұртшылықты қуанта берсін! Баршаңызға шығармашылық шабыт, толағай табыс тілеймін!», - деп түйіндейді ҚР Президенті.