25 жел, 2017 сағат 10:33

Мемқызметшілер әлеуметтік желіде 2300 бейәдеп фотосурет жариялаған

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі танымал әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізіп, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын сақтауын тексерді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" аталған мекемеге сілтеме жасап хабарлайды.

«Мемлекеттік орган қызметшілерінің 54 745 аккаунт контенті қаралды. 2212 қызметшінің аккаунтарынан күмән тудыратын және қоғам тарапынан сын тудыруы мүмкін 2300 фотосурет, 21 видео және 46 пікір анықталды. Олардың арасында мемлекеттік қызметшілердің ойын-сауық орталықтарында спиртті ішімдік ішуі бейнеленген фотосуреттер мен видеоматериалдар, былапыт сөздер кездесетін мәтіндер, эротикалық сипаттағы немесе қару-жарақпен түскен суреттер бар. Кей фотосуреттерде құмар ойындар мен букмекерлік ұтыстар да көрініс тапқан», - делінген агенттік хабарламасында.

Мекеме келтірген деректерге сәйкес, жыл басынан бері орталық мемлекеттік және жергілікті атқару органдарының 277 мемлекеттік қызметшісі әлеуметтік желідегі бейәдеп қылығы үшін түрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Одан бөлек, 112 шенеунік қызметтік автокөлікті жұмыс уақытынан тыс пайдаланғаны үшін тәртіптік жазаға тартылған.