29 сәу, 2020 сағат 11:05

Мемқызметші есепшотына келіп түскен сыйлық ақшаны не істеуі керек?

Мемлекеттік органның басшысы немесе қызметкері есепшотына келіп түскен сыйлық ақшаны мемлекетке қайтаруы тиіс. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мәжілістің жалпы отырысында «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында депутат Мейрам Пішембаев қаралып отырған құжаттың 12-бабына қызметкерлерге немесе олардың отбасы мүшелеріне хабардар етілмей келіп түскен сыйлықты күнтізбелік 7 күн ішінде мемлекеттік мүліктерді басқару жөніндегі уәкілетті органға өтеусіз беру көзделген норма енізілгеніне назар аударды. 

«Осыған орай менің мынадай сұрағым бар. Әрине, өмір болған соң әртүрлі жағдай болады. Кейбір кезде ойламаған, күтпеген оқиғалар кез келуі мүмкін. Мәселен, мемлекеттік органның басшысы немесе қызметкері не олардың отбасы мүшелері шотына түскен сыйлық туралы хабардар болмаса, не істеуі керек?», - деп сұрады депутат Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектеновтен. 

Агенттік төрағасының бірінші орынбасары бұл норма қолданыстағы заңнамада бар екенін, жаңадан енгізілген талап еместігін атап өтті. 

«Ешқандай жаңадан тыйым салынбайды. Расында да, мемлекеттік қызметші не оның отбасы мүшелерінің есепшотына ақша аударымы түссе, онда олар оны білмеуі де мүмкін. Мұндай жағдайда 7 күннің ішінде бұл ақша мемлекеттік бюджетке аударылуы тиіс. Ал сыйлыққа келетін болсақ, біздің пікірімізше, сыйлықты алу мен оны анықтау бір мезетте орын алатын жағдай деп айтуға болады. Сондықтан осындай норма қолданыстағы заңда бар», - деді ол.