© Sputnik / Владислав Воднев
Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Президент тапсырмасы бойынша бірнеше пәннің сағат саны ұлғаятынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында жоғары сыныптарда жаратылыстану-математика мен ағылшын тілін оқытуды күшейту қажеттігін айтты. Осыған орай, министрлік оқу бағдарламаларын жаңартуды жоспарлап отыр.
"Президент жаратылыстану-математика цикліндегі және тілдік пәндерге басымдық беруді тапсырды. Математика, физика, химия, биология пәндерін оқыту сағаттары бағдарламада ұлғаяды. Оқу бағдарламалары жаңартылады", - деді Аймағамбетов Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Бұдан бөлек, төменгі сыныптардан бастап ағылшын тілін оқыту сағаттары көбейеді.
"Халықаралық тәжірибеге сәйкес, 2024 жылдан бастап 3-сыныпта ағылшын тілін оқыту сағаттарын көбейту, қазақ және орыс тілдерін меңгеруге қажетті жағдай жасау бойынша іс-шараларды қабылдаймыз", - деп атап өтті министр.