18 ақп, 2023 сағат 08:50

Ел мектептерінде қауіпсіздік жүйесі күшейтілмек

сурет ашық дереккөзден алынды

Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі бойынша кеңес өткізді. Оған министрлердің және облыстардың, Астана, Алматы, Шымкент қалалары әкімдерінің орынбасарлары қатысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

ҚР оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринова білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі жағдай туралы, 2022 жылы білім беру нысандарын терроризмге қарсы қорғау нұсқаулығы туралы, білім беру ұйымдарында пайдалану үшін шектелген тыйым салынған заттардың тізімін бекіту жөнінде баяндады.

"Мысалы Алматы, Қостанай, Түркістан облыстарында, Ұлытау, Жетісу, Абай облыстарында бейнебақылау жүйесі жоқ. Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Түркістан облыстарының ірі қалаларында мамандандырылған күзет қызметімен келісімшарт жасалмаған. Барлық оқу орындары қауіпсіздіктің кешенді жүйесімен қамтамасыз етілуі тексеріледі.

Сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігі балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және балалардың құқықтарын қамтамасыз ету, оның ішінде Қауіпсіздік жүйесін ұйымдастыру жөніндегі кешенді жоспардың жобасын әзірлеп жатыр. Оған 20-ға жуық мемлекеттік орган мен өңірлер жұмылдырылған. Негізгі мәселе - қауіпсіздік саласындағы қызметтерді сатып алу үшін жергілікті әкімдіктерден қаржыландырудың аздығы" - делінген ақпаратта.

Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ішкі істер органдарының жұмысы және лауазымды тұлғалардың күзет қызметі мен жауапкершілігіне қойылатын талаптарды күшейту жөніндегі шаралар туралы мәлімет ұсынды.

"Ол Петропавл қаласындағы №4 орта мектепте болған оқиғаға қатысты тексеру барысында нысанда турникет пен мамандандырылған күзеттің жоқтығы анықталғанын атап өтті. 15 мектеппен бейнебақылау жүйелерін жедел басқару орталықтарына қосу туралы шарттар жасалған. Оның ішінде №4 ОМ шарты 31.12.2022 жылы аяқталғаны анықталды. Қаражат бөлінгенімен, мектептер келісімшарттар жасамаған. Қазіргі уақытта лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі қарастырылып жатыр" - делінген хабарламада.

Фото: primeminister.kz

Ал вице-премьер Алтай Көлгінов оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесінің өзектілігін атап өтті.

«Білім беру ұйымдарында техникалық жарақтандыру және лицензияланған күзет мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдардың жұмысында айтарлықтай кемшіліктер мен олқылықтар бар. Мұның барлығын келесі оқу жылының басына дейін түзету қажет. Білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданбаған жағдайда қатаң жауапкершілікке тартатын боламыз», — деді Алтай Көлгінов.

Кеңес қорытындысында жауапты мемлекеттік органдарға оқу жылы басталғанға дейін білім беру ұйымдарын дабыл түймелерімен, турникеттермен, лицензияланған күзетпен жарақтандыру және ішкі істер органдарының жедел басқару орталықтарына қосылған бейнебақылау жүйелерін орнату жұмыстарын аяқтау тапсырылды. ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балаларды қорғау жөніндегі кешенді жоспардың жобасына психологиялық қызметтердің, олардың кадрлық құрамының және т. б. қызметін күшейту мәселелерін енгізуі керек. ҚР ІІМ ҚР ТЖМ-мен бірлесіп білім беру ұйымдарында қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша мониторинг жүргізуге тиіс.