08 қыр, 2021 сағат 20:45

Мектеп оқушыларын вакцинациялау жүргізіліп жатқан жоқ - ДСМ


Мектеп оқушыларын коронавирусқа қарсы вакцинациялау жүргізіліп жатқан жоқ. Бұл туралы ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басқарма төрағасының орынбасары Айнагүл Қуатбаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатына қатысқан Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдеріне: «Әлеуметтік желіде балаларды мектепке вакцина салу үшін шақырып жатыр. Сондықтан балаларыңызды мектепке жібермеңіздер» деген мағынада хабарлама жүргендігі айтылып, мұның қаншалықты рас екендігі сұралған болатын. 

«Әлеуметтік желіде мұндай ақпарат тарап отыр. Халық арасында әртүрлі сөзге иланып, бізге хабарласып жатқан ата-аналар да бар. Ең алдымен біріктірілген, бір құтыда, бір шприцте коронавирус жұқпасына және тұмауға қарсы вакцинаны ешкім ойлап тапқан жоқ. Ондай вакцина мүлдем өндірілмеген. Мұндай вакцина ойлап табылатын болса, онда бұл әрине медицина саласындағы сенсация болар еді», - деді ол. 

Оның атап өтуінше, елімізде 18 жасқа дейінгі балаларға вакцинация олардың ата-анасының келісімен ғана салынады. 

«Осыған орай, мектеп аясында қандай да бір вакцина салынатын болса, онда ата-аналар жиналысы өткізіледі. Бүгінде мектептерге вакцинация жүргізіліп жатқан жоқ», - деді Айнагүл Қуатбаева.