24 қаз, 2017 сағат 11:10

Мектеп директоры аттестациядан өту үшін мұғалімдерден ақша жинаған

Жамбыл облысының Шу ауданында орта мектеп директоры қызметін асыра пайдаланғаны үшін 1 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" аудандық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Шу аудандық соты білім ордасының басшысы С.Л.-ға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 362-бабы («Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану») 1-бөлігімен қылмыстық іс қозғаған.

Іс материалдарына қарағанда, аудандық орта мектептің директоры С.Л. қол астындағы қызметкерлерге 2017 жылдың қаңтар айында мемлекеттік аттестацияны өткізу үшін мектепке Жамбыл облысы білім саласын бақылау департаментінен комиссия келетінін айтқан. 

Сонымен қатар С.Л. аттестаттаудан сүрінбей өту үшін әрбір педагогтан 30 мың теңге, техникалық қызметкерлерден 9 мың теңгеден ақша жинауды талап еткен. Бұл әрекетімен ол жәбірленушілерге жалпы 270 мың теңге көлемінде материалдық залал келтірген. 

Мектеп басшысы сот отырысында өз кінәсін мойындамады. Соттың үкімімен С.Л. айыпты деп танылып, оған 1 жылға бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді. Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.