20 мау, 2024 сағат 15:49

Меккедегі қажылық кезінде аптап ыстықтан 703 қазақстандық медициналық көмекке жүгінген

Сурет: muftyat.kz

Қажылыққа барушылардың қан қысымы мен жүрек-тамыр жүйесі проблемалары болған. Қазақстан қажылық миссиясы отандастарымыздың дін аман екенін мәлімдеді. Қазір 4 дәрігер және 16 туроператордың әрқайсындағы 1 дәрігер ем-шарамен айналысып жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қазақстан мұсылмандар діни басқармасына сілтеме жасап. 

Қажылық миссиясындағы дәрігерлер тобының жетекшісі Ардақ Айтбайұлы медициналық орталық көмегіне 14-16 маусым күндері 703 қажы жүгінгенін айтты.

Олардың қатарында жүрек-қан тамырлары, жоғары және төмен тыныс және асқазан-ішек аурулары және басқа да (мазоль жарақаты, аллергия, конъюнктивит және т.б.) сырқат бойынша 120 қажы бірнеше рет тексерілген.

"15 маусымда Мұздалифада қан қысымы көтерілген қажыға жедел алғашқы көмек көрсетіліп, дәрігердің бақылауымен қонақүйге жөнелтілді. 16 маусымда Мина жазығында транзиторлық ишемиялық ұстама бойынша бір қажыға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, стационарға жатқызылды. Жамаратта шайтанға тас лақтырып келе жатқан жолда қанты төмендеп, есінен танып жатқан әйел адамға тез арада көмек көрсетіліп, ол да стационарға жеткізілді", – деп түсіндірді Ардақ Айтбайұлы.


Мәліметтерге сүйенсек, аталған науқастар дәрігерлердің толық бақылауында, жағдайы бірқалыпты. Одан бөлек, елден жеткізілген дәрі-дәрмек қоры да жеткілікті.

Еске салайық, бұған дейін Меккеге қажылыққа барған 550 адам аптап ыстықтан көз жұмды. Сауд Арабиясы ұлттық метеорологиялық орталығының хабарлауынша, 17 маусымда Меккедегі Харам мешітінде ауа температурасы 51,8 градусқа жеткен. Сауд Арабиясының зерттеуіне сәйкес, аймақтағы температура әр онжылдықта 0,4 градусқа көтеріледі. Қажылыққа барғандардың ішінде тек біреуі адамның көп болуына байланысты кептеліс кезінде ауыр жарақат алып, мерт болған. Сондай-ақ ол адам санына қатысты жалпы ақпараттар Меккенің әл-Муайсем маңындағы аурухана мәйітханасынан алынғанын атап өтті.