02 ақп, 2018 сағат 18:28

Медведев Алматыдағы жер сілкінісіне қатысты әзіл айтты

Ресей үкіметінің басшысы Дмитрий Медведев Алматыдағы жер сілкінісіне қатысты әзілдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Бүгін Еуразиялық Үкіметаралық кеңестің кезекті отырысында Дмитрий Медведев Алматыда болған жер сілкінісін Құдайдың жіберген белгісі деп әзілдеді.

«Беларусь Республикасы үкіметінің №666-шы қаулысына қатысты мәселені талқылау үстінде жер сілкінді. Әрине, бұған қатысты әртүрлі нәрсені ойлауға болады. Беларусь елі үшін Құдайдың белгісі (күлді - ред). Дегенмен, барлық құжаттарымызды қарастырып, барлығына қол қойып сәтті аяқтадық», - деді Ресей үкіметінің басшысы Алматыда өткен жиынды. Сондай-ақ, ол жиын барысында ЕАЭО-ның биылғы жылғы стратегиялық міндеттеріне тоқталды.

«Экономикалық аухал, одақ институттарын дамыту бойынша 2017 жылды жалпы нәтижелі болды деп бағалаймыз. ЕАЭО аясында макроэкономикалық көрсеткіштеріміз сапалы деңгейде. Елдеріміз арасындағы тауар айналымы болжам бойынша 27 пайызға өсті. Биыл Ресей ЕАЭК органдарына төрағалық етеді. Біздің жұмыс бағыттарымызды 2018 жылдың 18 қаңтарында Президентіміз (В.Путин - ред) жариялады. Онда қысқаша айтқанда, Одақ алдында тұрған стратегиялық міндеттерді жүзеге асырау маңызды екені көрсетілген. Ол үшін біздің нарықтағы кедергілерді жою қажет. Ол мәселені жаңа шағын топтың отырысында талқыладық. Тауар мен қызмет түрлерінің бірыңғай нарығын құру қажет. 2017 жылы 10 кедергіні жоя алдық. Әлі де, бизнес, кеден, транспорт саласы бойынша кедергілер бар. Сарапшылардың кедергілерді жою тобы белсенді жұмысын жалғастыруы қажет», - деді Д.Медведев.

Сондай-ақ, ол биылғы жылдың басынан бастап, Одақтың маңызды құжаты - жаңа Кеден кодексі іске қосылғанын еске салып, кодекс бойынша міндеттерді тезірек аяқтауды сұрады. Жиын соңында үкім басшылары ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумағында тауар айналымын бақылауды арттыруға бағытталған ЕАЭО-да тауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау келісіміне қол қойды.