Медициналық сақтандыру жүйесінің негізгі міндеті – медициналық ұйымдарды үздіксіз қаржыландыру және КВИ-мен күреске жұмылдырылған медицина қызметкерлерін материалдық қолдау. Қор бұл міндетті толық орындады. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Басқарма төрағасы Болат Төкежанов осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2020 жыл өздеріңіз білетіндей, бәрімізге, әсіресе, еліміздің денсаулық сақтау жүйесі үшін қиын болды. Медициналық сақтандыру жүйесін жүзеге асыру кезеңі коронавирус пандемиясымен тұспа тұс келді. Қордың негізгі міндеті медициналық ұйымдарды үздіксіз қаржыландыру және КВИ-мен күреске жұмылдырылған медицина қызметкерлерін материалдық қолдау. Қор бұл міндетті толық орындады», - дейді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Басқарма төрағасы Болат Төкежанов.
Оның айтуынша, аурудың көбеюіне дайындық барысында бірнеше маңызды қадам жасалып, іске асырылды. Пандемия кезінде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің рөлі күшейтілді: мобильді топтар құрылып, үйдегі күндізгі стационарлар ұйымдастырылды және медициналық қызмет қашықтан форматта көрсетіле бастады.
«Сонымен қатар, ПТР диагностикасы бойынша зертханалық қызметтің мүмкіндігі артты. Қор медициналық көмектің медициналық сақтандыру жүйесіне қатысу-қатыспауына қарамастан бүкіл халықтың осы көмекке қол жетімділігін қамтамасыз етті. Форс мажорлық жағдайларға қарамастан, міндетті медициналық сақтандыруды енгізудің бірінші жылының нәтижелері медициналық сақтандыру жүйесінің толық жұмыс істейтіндігін көрсетті. Ол денсаулық сақтау жүйесіне 500 миллиардтан астам теңге құюға мүмкіндік берді. Осы қаражат есебінен медициналық қызметтердің – сирек кездесетін сала мамандарының кеңестері, диагностика, тексерулер, күндізгі стационар қызметінің көлемі едәуір өсті. Енді бізде жоғары технологиялық операцияларды қаржыландыруға және медициналық қызметтің осы түріне кезекті азайтуға мүмкіндік бар», - дейді ол.