08 мам, 2023 сағат 15:58

Медеудегі өртті сөндіру кезінде өртсөндіруші қаза болды

Фото: ТЖД

Медеудегі өртті сөндіру кезінде өртсөндіруші қаза болды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгін түнде қызметтік борышын атқару кезінде, Алматы қаласындағы Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағындағы тау баурайында өртті сөндіру бойынша жедел топтың құрамында болып, жанып жатқан ағаш діңінің құлауынан алған жарақаттардың салдарынан Алматы қаласы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің қызметкері, 7-ӨСБ аға өрт сөндіруші-құтқарушысы азаматтық қорғау сержанты Құрманбеков Арслан Жолдасбекұлы қаза тапты.

Ол 1994 жылы 23 тамызда Алматы облысында дүниеге келген. Азаматтық қорғау органдарында 2015 жылғы 14 желтоқсаннан бастап жұмыс істеген.

"Төтенше жағдайлар министрлігі Арслан Жолдасбекұлының туыстары мен жақындарына көңіл айтады. Өз ісінің маманы ретінде ол туралы жақсы естеліктер біздің жүрегімізде мәңгі қалады.

Арслан жауапты қызметкер, кәсіби күрескер және білікті маман болды. Жұмыста ол еңбекқорлығы, әділдігі және мамандыққа деген сүйіспеншілігі үшін бағаланды.

ТЖМ қаза тапқан өрт сөндірушінің отбасына жан-жақты көмек пен қолдау көрсетеді" - делінген ведомство хабарламасында.