Фото: 7-su.kz
Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрында «Медаль» спектаклі жүріп жатыр. Бұл қойылымдағы Шәмші Қалдаяқов бейнесі, Бауыржан Момышұлының даңқы мен атағы айшықталған тұс режиссерлік шешім арқасында көрініс берді әрі көрерменге лайықты әсер етуде, деп хабарлайды Ult.kz.
Қазақ әдебиетіне айшықты қолтаңбасымен келген Қанат Тілеуханның «Медаль» әңгімесі желісінде сахналанған спектакль заманның үнін, заңғарлардың демін, қоғамның күйін ашық көрсеткендей.
Біздің қоғамда мыңдаған тұлға ұлтының танымы үшін тынбай еткен еңбегі лайықты бағасын ала алмады. Керісінше, жауын-жауынның арасында күн кешіп, ұлттың құндылығын емес, құлқынның қомдылығын ойлағандар кеудесінде медаль жарқыратып тағып, марапатқа ие болды. «Медаль» спектаклінде осыны көре аламыз.
Фото: kitap.kz
«Адам өзгеше күйде болады. Өйткені сенің жазған жазған образдарың, кейіпкерлеріңді сахнадан көру, әр актер өзінше береді. Өзінше дамытады. Осы Бикен Римова театрының актерлары автор мен режиссердің ойын әрмен қарай жеткізіп, бірлескен автор ретінде өздерін көрсете алды деп ойлаймын. Өйткені әр кейіпкер, әр образ жетіле түскен, қашала түскен, шыңдала түскен. Осы жағынан актерлер құрамына өте ризамын. Бұл бүгінгі қоғамдағы бар нәрсе. Осыны фарсқа айналдыру, мазаққа айналдыру, күлкіге айналдыру, осының бәрі іске асқан. Жалпы бір марапат, мадақ деген, мақтан деген нәрсе адамның бойында бар қасиеттер ғой. Бірақ осы мадақпен, марапатпен, осы медальмен де адамды қорлауға болады. Адамды масқаралауға болады. Ол тек марапаттау емес, онымен қорлайды да. Осы спектакльде осы нәрсені көрдім», – дейді Қанат Тілеухан.
Қоғамның теңсіздігін, жөнсіздігін шығармасына арқау еткен Қанат Тілеуханның «Медаль» әңгімесі жақсы сахналанды. Белгілі режиссер Фархат Молдағалидің сахналауымен көрерменге жол тартқан қойылымда қарапайым ауыл мұғалімінің тағдырынан бастап, ел үшін еңбек еткен тұлғалардың өмірінен де сыр шертіледі. Ақша үшін атақ сатқан, медаль жасап шығарғандардың да, сол атаққа құмар жандардың да далбаса хәлі лайықты бедерленіп, шебер суреттелген.