Қазақстанның 2050 жылға қарай дүние жүзінің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіру жөніндегі Мемлекет басшысы белгілеген биік мақсаттарға жету тек ұлттық құқық жүйесіне және қоғамның басқа да маңызды институттарына ғана емес, мемлекеттік құрылысқа да, биліктің теңдестірілген тармақтары арқылы басқарудың заманауи нысанының болуы мәселелерінде дамыған елдермен тепе-теңдікті сақтауға да жоғары талаптар қояды.
1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының қолданыстағы Конституциясы демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құру мақсатын, оның жұмыс істеуінің негізгі қағидаттарын орнықтырды, оның ең қымбат қазынасы адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Өткен кезең ішінде еліміз негізгі әлеуметтік-экономикалық және саяси реформаларды ойдағыдай жүргізді, халықаралық қоғамдастықтың толық құқықты мүшесіне айналды.
Мемлекет басшысы өзінің үндеуінде «Бүгінде әлем көз алдымызда өзгеріп жатыр. Қоғамдық процестердің жеделдігі мен күрделілігі Қазақстанда да үдеп келеді. Болашақ тарих біздің алдымызға сөзсіз қоятын жаһандық және өңірлік қыр көрсетулерге қалай ден қою керектігін біз бүгіннен бастап ойлауға тиіспіз», деп атап өтті.
Әлеуметтік-экономикалық жағдайлар өзгерді. Бұл өзгерістер әлемдік экономикада, сол сияқты отандық экономикада байқалуда. Мысалы, тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстанның долларлық мәндегі ішкі жалпы өнімі — 20 есе, орташа жалақы 17 есе өсті.
Әлеуметтік салаға шығыстар ішкі жалпы өнімнің 6 %-нан 10%-ға дейін артты. Қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 72 жасқа дейін ұзарды. 100 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй берілді.
Қазақстан 2007 жылдан бастап индекстелетін ДЭФ Ғаламдық бәсекеге қабілеттілік рейтингінде біз өз жағдайымызды 61-позициядан (2007 жылы) 53-позицияға дейін (2016 жылға қарай) жақсартып алдық.
Doinq Business рейтингінде Қазақстан 2007 жылдан бастап өз жағдайын 59-позициядан 35-позицияға дейін жақсартты.
Мұның өзі біздің жаңа экономикалық жағдайда өмір сүріп жатқанымызды дәлелдейді. Мұндай жағдайда, Үкіметтің алдында ағымдағы мәселелерді жедел шешу міндеті тұр. Үкіметте бұл үшін қажетті дербестік және елде өзгеріп жатқан әлеуметтік-экономикалық жағдайға ден қою мүмкіндігі болуға тиіс.
Осыған байланысты «Нұр Отан» партиясының ХVI съезінде Мемлекет басшысы белгілеп берген 5 реформа қоғамның барлық қоғамдық институттарын құрылымдық жағынан жаңғыртуды тереңдетіп, сол арқылы алда тұрған мақсатқа жақындай түсуге бағытталған.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Елбасы еліміз бен халқымыз үшін өмірлік маңызы бар мемлекеттілікті одан әрі дамыту – Парламентті күшейтіп, Үкіметтің есептілігі мен дербестігін кеңейту кезеңін белгіледі.
Мемлекет басшысының өкімімен құрылған Мемлекеттік билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі жұмыс тобы жұмысының нәтижелері бойынша Н.Ә.Назарбаев 2017 жылғы 25 қаңтарда Қазақстан халқына арнайы үндеу жасады, онда мемлекеттік билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлудің негізгі бағыттарын айқындап берді.
Біріншіден, бұл Конституцияда белгіленген өкілеттіктерді қайта бөлу мәселесі. Ұсынылып отырған түзетулер ресми БАҚ-та бұрын жарияланған және олармен барлығы таныса алады және өз ұсыныстарын бере алады.
Екіншіден, бұл Республика Президентінің заңда белгіленген әлеуметтік-экономикалық процестерді реттеу бойынша және Республика Президентінің Мемлекет басшысы ретіндегі конституциялық мәртебесін қозғамайтын өкілеттіктерін төменгі деңгейге беру мәселелері.
Республика Президенті Үкіметке тиісті заң жобасын әзірлеуді және Парламенттің ағымдағы сессиясының соңына дейін оны қабылдау үшін Парламенттің басым жоспарына енгізуді тапсырды.
Әділет министрлігі қазіргі уақытта мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп осындай заң жобасын әзірлеуде.
Бүгінде Мемлекет басшысы ретіндегі мәртебесін айқындайтын және Конституцияда көзделген Республика Президентінің өкілеттіктерімен қатар, әдетте, атқарушы билік тармағына тән мемлекеттік басқару саласына жататын заңнамалы түрде белгіленген көптеген ұйымдастырушылық-құқықтық және басқарушылық өкілеттіктер бар.
Осыған байланысты ел Президентінің бірқатар басқарушылық өкілеттіктері мемлекет пен қоғамға қауіп төндірмей басқарудың төмен тұрған деңгейіне берілуі және Үкімет пен өзге де атқарушы органдардың арасында қайта бөлінуі мүмкін.
Нәтижесінде, жұмыс тобы Мемлекет басшысының Үкімет пен кейбір атқарушы органдарға берілуі мүмкін өкілеттіктерінің қайта бөлінуі бойынша 40 шақты ұсыныс әзірледі.
Мысалы, Үкіметтің құзыретіне берілуі мүмкін экономика, бюджеттік жоспарлау және кәсіпкерлік қызмет саласындағы Мемлекет басшысының ұйымдастырушылық-құқықтық өкілеттіктерін қайта бөлуге бағытталған түзетулердің тұтас кешені әзірленді. Бұл:
мемлекеттік-жекешелік әріптестік мақсаттары үшін берілуге жатпайтын объектілердің тізбесін қалыптастыру;
оларды ынталандыру мақсатында экономиканың басым секторларын айқындау;
кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын және қайырымдылықты дамытуға елеулі үлес қосқан бизнес субъектілері үшін құрметті атақтар тағайындау тәртібін бекіту;
Республикалық бюджет комиссиясын құру (РБК);
РБК ережесі мен құрамын бекіту;
мемлекеттік жоспарлау жүйесін және кейбір басқа да жүйелерін айқындау жөніндегі функциялар.
Бұл Үкіметке өзіне жүктелген функцияларды тиімді түрде жүзеге асыруға және сол арқылы оның жауапкершілігін арттыра отырып, ұлттық экономика секторын тікелей реттеуге мүмкіндік береді.
Ұйымдастырушылық-өкімдік сипатқа ие жекелеген өкілеттіктер бар. Мысалы, мемлекеттік кәсіпорындар құру;
тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу мемлекеттік сатып алу рәсімдерінен тыс жүргізілетін тұлғаны айқындау;
мерекелік күндер тізбесін және мемлекеттік орган туралы үлгі ережені бекіту және т.б.
Мемлекет басшысының бірқатар өкілеттіктері, жұмыс тобының пікірі бойынша, Президент Әкімшілігінің келісімімен Үкіметтің құзыретіне берілуі мүмкін. Бұл Мемлекет басшысының елдің сыртқы және ішкі саясатында, ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілеттілігінде негізгі басымдықтарды айқындау бойынша функциясын сақтаумен байланысты. Жұмыс тобы осындайлардың қатарына:
— мемлекеттік органдарға, шетелдік мекемелерге және өзге де ұйымдарға лауазымды адамдарды іссапарға жіберу тәртібін айқындауды;
— мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру тәртібін бекітуді;
— мемлекеттік қызметшілерге бонустар төлеу, материалдық көмек көрсету тәртібі мен шарттарын айқындауды;
— «Б» корпусындағы әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің лауазымдық айлықақыларына үстеме белгілеуді;
— мемлекеттік қызметшілердің жұмыс өтілін есептеу тәртібін айқындауды;
— Қазақстанның әуе кеңістігін бұзушы әуе кемелеріне қару мен жауынгерлік техниканы қолдану қағидаларын бекітуді;
— қорғалатын мемлекеттік объектілердің тізбесін айқындауды;
— жеке кәсіпкерлік субъектілерін тексеруді белгілі бір мерзімге тоқтата тұруды;
— сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сырт-
қы талдау тәртібін айқындауды жатқызады.
Жұмыс тобы мүшелерінің мынадай:
— арнайы экономикалық аймақтарды құру және жою (АЭА), АЭА шекарасын және қолданыс мерзімін айқындау, АЭА қызметінің түрлерін, АЭА туралы ережені, АЭА жұмыс істеуінің нысаналы индикаторларын және оларға қол жеткізе алмаудың ең төмен деңгейлерін бекіту;
— мемлекеттік жоспарлау саласындағы құқықтық актілердің түрлерін және оларды әзірлеу тәртібін айқындау;
— «Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластерінің Қамқоршылық кеңесін құру, ол туралы ереже мен оның құрамын бекіту;
— астананың сәулет кеңесін құру, оның дербес құрамы мен ережесін бекіту;
— судьяларға куәліктер беру тәртібін айқындау;
— арнайы валюталық режімді енгізу;
— республикалық бюджет жобасын әзірлеу тәртібін, республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті жасау және ұсыну тәртібін бекіту;
— стратегиялық жоспарды іске асыру туралы есепті жасау және ұсыну тәртібін бекіту сияқты арнайы және салалық функцияларды Үкімет пен жекелеген орталық мемлекеттік органдар деңгейіне жатқызу мақсатқа лайық екендігі туралы пікірлері бірдей болғанын атап өту керек.
Функцияларды осылай ауқымды түрде қайта қарау тұтастай Үкіметтің және оның мүшелерінің жеке алғандағы жауапкершілігін арттыру мәселесін басты назарға алуға себепші болады. Осылайша Қазақстан Республикасының Үкіметі жұмыс істейтін жаңа нақты ахуал туындайды.
Бұл Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың арнайы үндеуінде айқындалған бәсекеге қабілетті ұлттық экономиканы қалыптастыруда және дамытуда мемлекеттік саясаттың қисынды жалғасы болып табылады.
ҚР Әділет министрі М.Бекетаев
Ұлт порталы