29 сәу, 2020 сағат 09:35

Мәжіліс төтенше жағдай кезінде мемлекеттік басқарудың жұмыс механизмін белгілейтін заң жобасын мақұлдады

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында төтенше жағдай кезеңінде мемлекеттік басқарудың жұмыс істеу механизмін белгілейтін заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Құжат «Әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы» 2020 жылғы 16 наурыздағы Мемлекет басшысының Жарлығын орындау мақсатында әзірленді. Заң жобасының мақсаты әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін төтенше жағдай кезеңінде жедел шаралар қабылдау мүмкіндігі болып саналады. 

Заң жобасы бойынша қосымша баяндама жасаған Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильяновтың айтуынша, қаралып отырған құжат төтенше жағдай кезеңінде азаматтардың қауіпсіздігін, ҚР-ның Конституциялық құрылысын қорғауды қамтамасыз ету үшін жедел шаралар қабылдау мақсатында әзірленді. 

«Заң жобасымен ҚР төтенше жағдайлар туралы және құқықтық актілер туралы Заңдарына өзгерістер енгізу көзделеді. Аталған Заңдар әлеуметтік-экономикалық салада төтенше жағдай енгізу кезінде қолданылатын негізгі шаралар мен уақытша шектеулер бойынша нормалармен толықтырылып отыр. Осыған орай ҚР Президентінің нормативтік-құқықтық актілері негізінде әлеуметтік-экономикалық салаларда белгілі бір мерзімге заңнаманың қолданылу ерекшеліктері белгіленуі мүмкін. Олар елдегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтауға және төтенше жағдайлардың теріс салдарының алдын алуға мүмкіндік береді», - деді Мәжіліс депутаты. 

Құжат төтенше жағдай кезеңінде заңнаманың жекелеген салаларының қолданылу ерекшеліктерімен толықтырылады. 

Заң жобасында оларға 14 сала жатқызылады: салықтық, бюджеттік, кеден, банктік, еңбек, монополияға қарсы заңнама; денсаулық, мемлекеттік сатып алу, валюталық реттеу туралы заңнама; әлеуметтік қорғау, мемлекеттік мүлік, мемлекеттік бақылау және қадағалау саласында; сондай-ақ елдің халықаралық міндеттемелерін іске асыру.

Заң жобасын Мәжіліс депутаттары толықтай қолдады. Құжат Сенатқа жолданады.