29 сәу, 2020 сағат 08:25

Мәжіліс төтенше жағдай кезінде мемлекеттік басқарудың жұмыс істеу механизмін талқылауда

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне төтенше жағдай мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын талқылауда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Заң жобасы бойынша баяндама жасаған ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтің айтуынша, құжат «Әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы» 2020 жылғы 16 наурыздағы Мемлекет басшысының Жарлығын орындау мақсатында әзірленді. Заң жобасының мақсаты әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін төтенше жағдай кезеңінде жедел шаралар қабылдау мүмкіндігі болып саналады. 

«Заң жобасында төтенше жағдай кезеңінде мемлекеттік басқарудың жұмыс істеу механизмі белгіленеді. Ол үшін «Төтенше жағдай туралы» және «Құқықтық актілер туралы» заңдарға түзетулер енгізіледі. Атап айтқанда, құжат төтенше жағдай кезеңінде заңнаманың жекелеген салаларының қолданылу ерекшеліктерімен толықтырылады. Заң жобасында оларға 14 сала жатқызылады: салықтық, бюджеттік, кеден, банктік, еңбек, монополияға қарсы заңнама; денсаулық, мемлекеттік сатып алу, валюталық реттеу туралы заңнама; әлеуметтік қорғау, мемлекеттік мүлік, мемлекеттік бақылау және қадағалау саласында; сондай-ақ елдің халықаралық міндеттемелерін іске асыру», - деді министр. 

Оның атап өтуінше, төтенше жағдай кезеңінде қабылданған құқықтық актілер жалпы алғанда ол аяқталғанға дейін қолданылатын болады. Олардың қатарына өзге қолданылу мерзімі белгіленген актілер кірмейді.

«Төтенше жағдай туралы» Заңда белгіленген жағдайда және тәртіппен нормативтік құқықтық актінің немесе оның жекелеген нормаларының қолданылуын тоқтата тұру бойынша «Құқықтық актілер туралы» Заңға ұсынылып отырған түзету енгізіледі. Жалпы алғанда, аталған түзетулер төтенше жағдай кезеңінде әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған. Заң жобасын қабылдау бюджеттен қосымша қаржылық шығындарды талап етпейді және теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды», - деді Руслан Дәленов.