01 сәу, 2020 сағат 12:25

Нығматулин: Мемлекет басшысының мәлімдемесі - нақты іс-қимыл жоспары

Мемлекет басшысының мәлімдемесі дағдарыстан кейінгі кезеңге арналған нақты іс-қимыл жоспары. Бұл туралыв Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өздеріңізге белгілі, кеше ғана Президент Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаев қалыптасқан жағдайға байланысты арнайы мәлімдеме жасады. Онда Мемлекет басшысы осы күрделі кезеңде, елімізді, халқымызды жан-жақты қолдаудың өте маңызды екенін айтып, осы жолда қосымша шаралар қолға алынатынын атап өтті. Бұл қазіргі уақытта өте керекті шаралар, ең алдымен, экономикамыздың тірегі - шағын және орта бизнесті күшейтуге арналып отыр. Сонымен бірге, азаматтардың әлеуметтік жағдайын да одан әрі тұрақты ұстауға бағытталған. Сол үшін республикалық бюджеттен тиісті қаражат бөлінеді. Бұл қазақстандықтарды уақытша қиындықтан аман алып шығу үшін, мемлекет тарапынан жасалған тағы бір нақты қадам», - деді Нұрлан Нығматулин Мәжілістің жалпы отырысында. 

Палата Төрағасының пікірінше, Мемлекет басшысының мәлімдемесі қазіргі жағдайды бақылауға ғана емес, сонымен қатар дағдарыстан кейінгі кезеңге арналған нақты іс-қимыл жоспары. 

Осы орайда Н. Нығматулин бұл шаралардың барлығы уақытылы және төтенше жағдай кезінде азаматтарды да, бизнесті де қолдауға бағытталғанын айта келе, енді қазақстандықтардың әрбір санатына барынша қысқа мерзімде мемлекет тарапынан маңызды көмекті әрбір салаға жеткізуге мүмкіндік беретін нақты тетіктер қажеттігіне назар аударды. Осы ретте Мәжіліс төрағасы бұл жұмыста мемлекеттік органдардың да, депутаттық корпустың да, бизнес-құрылымдардың да бірлескен күш-жігері маңызды екенін айтты. 

Сонымен қатар, Мәжіліс Төрағасы Президенттің аграрлық секторда, ең алдымен, көктемгі егіс жұмыстарын уақытылы жүргізуге, сондай-ақ жол картасы аясында азаматтарды жұмыс орындарымен қамтамасыз ету мәселелерін шешу үшін жұмыспен қамту саласына қойған міндеттерінің өзектілігіне ерекше назар аударды. 

«Осы қабылданған шараларға сәйкес, депутаттық корпус дағдарысқа қарсы шаралардың тиімділігін қамтамасыз ету үшін заңнамалық деңгейде барлық қажетті қолдау көрсетеді», - деді Нұрлан Нығматулин. 

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық телеарналардың эфирінен еліміздегі төтенше жағдайға және мемлекеттің дағдарысқа қарсы іс-шараларына байланысты мәлімдеме жасады.

Осы орайда зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмек мөлшері 10 пайызға индексацияланатыны айтылды. 

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен ресми тіркелмей жұмыс істейтіндер де 42 500 теңгеден алады.