02 ақп, 2022 сағат 11:40

Мәжіліс төрағасы: Біз сайлаушылармен жиірек кездесуге тиіспіз


Халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған барлық бастамаларды сапалы заңдармен қамтамасыз ету керек. Бұл туралы Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат

«Жұртпен қарым-қатынас, олардың мүддесін қорғау – сіздер мен біздің күнделікті жұмысымыздың негізі. Депутаттардың сайлаушылармен тиімді жұмыс істеуі үшін біз барлық жағдайды және қосымша мүмкіндіктерді жасауымыз қажет. Мүмкін, халықпен кездесу форматын қайта қарауымыз керек шығар. Тамыршыдай тап басып, жұрттың мұң-мұқтажын білу үшін және заңдар қабылдау арқылы олардың көкейкесті проблемаларын шешу үшін біз сайлаушылармен жиірек кездесуге тиіспіз», - деді Қошанов Мәжілістің жалпы отырысында. 

Осы орайда ол барлық бастамаларды сапалы заңдармен қамтамасыз ету керек екенін атап өтті. 

«Жұмысымызда осы принциптерді басшылыққа ала отырып, біз бүкіл қазақстандықтардың мүддесін лайықты білдіре аламыз деп сенемін. Біздің мақсатымыз айқын, міндетіміз ортақ. Ол елдің дамуына, халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған барлық бастамаларды сапалы заңдармен қамтамасыз ету. Осы жолда, құрметті депутаттар, бірлесе еңбек етіп, тиісті нәтижелерге жетеміз деп сенемін», - деді Мәжіліс төрағасы.