Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Н. Нығматулин Мәжіліс депутаттары, мемлекеттік органдар, парламенттік емес партиялар, ҮЕҰ мен азаматтық қоғамның өкілдері бірлесіп жұмыс атқарған жаңа заң жобасы халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасына сәйкес келетінін атап өтті. Отырыс барысында депутаттар бірқатар мәселелерге тоқталды.
Нұрлан Нығматулин талқылауды қорытындылай келе, заң жобасының үкіметтік нұсқасы түрлі алаңдарда, соның ішінде өңірлерде талқыланғаннан кейін, елеулі өзгерістерге ұшырағанына тоқталды. Бұдан басқа, екінші оқылымға дейін жұмыс тобы түзетулер мен толықтырулардың соңғы редакцияларын пысықтауы тиіс.
Мәжіліс төрағасы бұл митингілер туралы заң жобасы халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасына сәйкес келетінін айтып, заң жобасы жиналыстар мен митингілерді ұйымдастыру мен өткізудің қолданыстағы тәжірибесін түбегейлі өзгертетініне және азаматтардың құқықтары, сондай-ақ олардың жиналыстар мен митингілерді өткізу кезіндегі жауапкершіліктерінің оңтайлы үйлесімін қамтамасыз ететіне назар аударды.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.