Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Ардагерлер туралы» заң жобасын жұмысқа алды. Енді Мәжіліс комитеті аталған құжат бойынша талқылауды жүргізеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Аталған заң жобасы Отан алдындағы әскери әрі азаматтық борышын атқарған Қазақстан ардагерлері мен азаматтарының құқықтары мен әлеуметтік мүдделерін қорғау саласындағы мәселелерді реттеуге бағытталған. Осы заң жобасы ардагерлердің 5 әлеуметтік қорғалатын санаты мәртебесін белгілеуді көздейді», - деді Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова.
Оның сөзіне қарағанда, заң жобасында ҰОС ардагерлерінің және жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша соғыс ардагерлеріне теңестірілген тұлғалардың мәртебесін белгілеу ұсынылады.
«Сонымен қатар, басқа мемлекеттердің аумағында жауынгерлік қимылдар атқарған ардагерлерді, Қазақстан Республикасының бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі халықаралық міндеттемелерін орындаған әскери қызметшілерді оларға жатқыза отырып, жеке санатына бөлу ұсынылады. Заң жобасында ардагерлер үшін әлеуметтік қолдаудың бірқатар шараларын белгілеу қарастырылады. Комитет заң жобасын жұмысқа алуға әрі ол бойынша қорытындыны 2020 жылдың 24 маусымына дейін ұсынуға дайын», - деді депутат.
Мұнымен қоса, жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасы да жұмысқа алынды.
«Аталған заң жобасы «Ардагерлер туралы» заң жобасына сәйкес келтіру мақсатында қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді. Заң жобасында ардагерлер үшін бірқатар әлеуметтік құқықтық кепілдік белгілеу қарастырылған.
Осылайша, құжатта Социалистік Еңбек Ерлеріне және үшінші дәрежелі Еңбек Даңқы ордендерінің иегерлеріне 138,6 АЕК–ке дейін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы мөлшерін арттыру көзделген. Сондай-ақ басқа мемлекеттердің аумағында соғыс қимылдарының ардагерлеріне 6,19 АЕК мөлшерінде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы белгілеу ұсынылады», - деді Гүлшара Әбдіқалықова.