27 нау, 2023 сағат 13:08

Мәжіліс сайлауы: партиялар қанша мандат алды?

Фото: Tengrinews.kz

Орталық сайлау комиссиясы араға бір апта салып Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауының түпкілікті қорытындысын жариялады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Партиялық тізім бойынша Мәжіліс сайлауына түскен 7 саяси партия мынадай дауыс жинады:

«AMANAT» партиясы - 3431510 (53,90%);

«Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы – 693938 (10,90%);

«Respublica» партиясы - 547154 (8,59%);

Қазақстан Халық партиясы – 432920 (6,80%);

Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы - 146431 (2,30%);

«Ақ Жол» Қазақстанның демократиялық партиясы - 535139 (8,41%);

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия – 331058 (5,20%).

«Бәріне қарсымын» белгісі бар бюллетеньдер саны - 248291 немесе дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауыстарының 3,90 проценті;


Заң бойынша Парламент Мәжілісіне өту үшін саяси партиялар 5 пайыздық шекті бағындыруы керек.

Осылайша 19 наурызда өткен сайлаудың қорытындысы бойынша Мәжіліске алты партия өтті. Парламенттің төменгі палатасынан "Байтақ" жасылдар партиясына ғана орын бұйырмады.

Саяси партиялар үшін депутаттық мандаттар былайша бөлінген:

«AMANAT» партиясы - 40;

«Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы - 8;

«Respublica» партиясы - 6;

Қазақстан Халық партиясы – 5;

«Ақ Жол» Қазақстанның демократиялық партиясы - 6;

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия – 4.

Еске салсақ, 19 наурызда Қазақстанда Мәжіліс және мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтті. Ел халқы таңғы жетіден кешкі сегізге дейін дауыс берді.

Биыл Мәжіліс депутаты мандатына 7 саяси партия таласты. Парламентке барлығы 98 депутат сайланады, оның 69-ы – партиялық тізім, 29-ы бір мандатты округтер бойынша өтеді. Яғни сайлаушылар тек саяси партияларға ғана емес, нақты кандидаттарға да дауыс берді.

Тізімге енген 12 млн сайлаушының тек 54,21%-і ғана сайлау учаскелеріне келіп, өз таңдауын жасады. Бұл – соңғы 19 жылдағы ең төмен көрсеткіш.