Парламент Мәжілісі «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасын талқылайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Парламент Мәжілісіне аталған Конституциялық заң жобасы келіп түсті. Бұл заң жобасы Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарына сәйкес әзірленді. Заң жобасының басты мақсаты – биліктің өкілді тармағына әйелдер және жастармен қатар, ерекше қажеттіліктері бар адамдардың қатысуын қамтамасыз ету, сондай-ақ олардың пікірін ескеру, мемлекет тыныс-тіршілігіне белсенді жұмысқа тарту. Комитет аталған заң жобасы қорытынды әзірлеуге дайын», - деді Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы, депутат Арман Қожахметов палатының жалпы отырысында.
Сонымен қатар, Мәжіліс депутаттары алдағы уақытта «Саяси партиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгеріс енгізу туралы» заң жобасын да талқылайтын болады.
«Бұл заң жобасы да Мемлекет басшысының Жолдауын орындауға бағытталған. Құжат ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қоса отырып, партиялық тізімде квоталанатын санаттарды кеңейту мақсатында әзірленді. Комитет аталған заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеуге дайын», - деді А. Қожахметов.