Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Ақ жол» фракциясының депутаты Берік Дүйсенбинов жоғарғы оқу орындарының жекеменшік жерлеріне қатысты депутаттық сауалын жолдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Дүйсенбинов атап өткендей, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің жер аумағы белгісіз себептермен азайып қалған және осы мәселе қоғамды алаңдатып отыр.
«Жер құқығы бойынша сарапшы, заңгер Бақытжан Базарбектің мәліметтеріне сүйенсек, 2012 жылғы 30 қаңтардағы Алматы қаласы әкімінің қаулысына сәйкес Университеттің пайдалану құқығына жалпы көлемі 73,26 гектар жер берілген. Ал, 2017 жылы 2 қазанда Алматы қаласы әкімінің №4/392-22-36 деген қаулысына сәйкес ҚазҰУ-нің жалпы жері үлестерге бөлініп, жер көлемі 72,48 гектар болып шықты. Соның ішінде ҚазҰУ-нің тікелей үлесін алатын болсақ, ол –71,40 гектар жер, яғни, оқу орнының жалпы жер көлемі 1,8 гектарға азайғанын байқаймыз», - дейді депутат.
«Университетке тиесілі жер көлемі неге азайған?» деген сұрақ ешқандай уәкілетті орган нақты жауап бермеген. Берік Дүйсенбинов атап өткендей, жер мәселесі тек бұл университетпен ғана шектеліп отырған жоқ.
«Еліміздің әр аймағында жоғарғы оқу орындарының жер телімдерінің жеке меншікке сатылып жатқанын, студент жастар тұратын жатаханалардың азайып, Университет меншігіндегі оқу процестерін қамтамасыз ететін қосымша жылжымайтын мүлік обектілерінің саудаға салынып жатқанынан бұқаралық ақпарат құралдарынан және барлығын көріп-біліп отырған елдің аузынан естіп жүрміз. Мысалы, Шығыс Қазақстан Мемлекеттік университетінің бас ғимаратынан он қадам қашықтықта орналасқан өндірістік шеберхана бүгінде ойын-сауық орнына айналған», - деді депутат.
Аталған мәселелердің маңыздылығын баяндаған «Ақ жол» фракциясының депутаттары біріншіден, Қазақ Ұлттық университетіне тиесілі жер аумағынан жер учаскелерінің бөлініп шығарылғаны қаншалықты заңды екенін тексеріп, заңсыздық орын алған жағдайда жауапты адамдарды жауапқа тартуды, екіншіден, осындай тексеруді облыстарда орналасқан жоғарғы оқу орындарында да жүргізіп, нәтижесін бізге хабарлауды талап етті.
Ол осы мәселе бойынша Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов пен Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке сауал жолдады.
«Мемлекет мүддесі мен жастардың білім алу болашағын ескере отырып, ҚазҰУ-ға тиесілі жер аумағынан учаскелер бөлініп шығарылғаны қаншалықты заңды екенін тексеріп, заңсыздық болған жағдайда жауапты адамдарды жауапқа тартуды сұраймыз», - деді мәжілісмен.
Әлеуметтік желі осы университеттің түлегі, журналист-продюссер Серік Абас-шах заңгер Бақытжан Базарбекпен бірге көптен бері дабыл қағып жүр. Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына үндеу жолдаған болатын.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне қарасты жерлердің коммерциялық мақсатта қолданылуына тыйым салуыңызды сұрай келе, жерді беру жөніндегі 2012 мен 2017 жылдар аралығындағы заңсыз шешімдерді жоққа шығаруыңызды өтінеміз. Өкінішке қарай, әл-Фараби даңғылының бойындағы бей-берекет салынған құрылыс нысандарының салдарынан алматылықтардың таза ауада серуендейтін жерлері де азайып барады. Бұл сонымен қатар Алматы қаласының экологиясына кері әсерін тигізіп жатыр. Әл-Фарабидің есімі берілген ҚазҰУ-ға тиісті жерлерді өз қалпында сақтап, Алматыны серуендеуге ыңғайлы саяжайлар мен скверлердің қаласына айналдыруымыз – әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдығына жасаған ең керемет сыйлығымыз болар еді, – делінген Серік Абас-шах жолдаған үндеуде.
Жақында Алматы әкімі тұрғындарға есеп беру кездесуінде осы мәселеге байланысты өз жауабын бергені бар.
ҚазҰУ-дың жері жеке меншікке берілейін деп жатқан жоқ. Қазіргі ҚазҰУ қарамағындағы жер телімінің барлығы университеттің өз құзыретінде. Егер университет басқа біреуге жер бергісі келсе, онда әкімдікке ұсыныспен шығуы керек. Мына жер маған керек емес, қайтып алыңыз дегендей. Қазір университетке жаңа ректор тағайындалды, ол кісімен де кездестік. Бұл мәселе төңірегінде де әңгіме болды. Ол кісі университетті әрі қарай дамытуымыз керек, ешқандай жер берілмейді, менің ұсынысым сондай дегенді білдірді. Сондықтан бүгінгі таңда біреуге жер берейін деп жатқан әңгіме жоқ, - деді Бақытжан Сағынтаев.