15 мам, 2019 сағат 14:03

Мәжіліс депутаты мұғалімнің жалақысы қанша болуы керектігін айтты

Мұғалімдердің еңбекақысы елдегі орташа жалақы мөлшерінен төмен болмауы керек. Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар ұстаздардың жалақысына қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова депутаттық сауалында мұғалімдерге жалақысын ұлғайтуға мүмкіндік беретін кезектен тыс аттестация өткізу жүйесін сынға алды.

Оның айтуынша, мәселен, 2018 жылы кезектен тыс аттестацияны түлектер емтихан тапсыратын күндері, яғни қарбалас сәтте өткізген. Биыл да дәл осындай жағдай қайталанғалы отыр.

"Аттестацияны қолайсыз уақытта өткізу бірден барлық мұғалімнің жалақысын көтермеу үшін жасалып отырған сияқты сезіледі", - деді депутат.

Смирнова аттестация кезінде сол баяғы ауыл мұғаліміне салмақ түсетінін айтты.

"Тестілеу пунктіне таңғы сағат сегізде келуі керек болған. Яғни, ол мұғалім түнде немесе одан ертерек ауылдан шығуы керек деген сөз. Онсыз да жалақысы аз мұғалім жолға шығындалады. ҰБТ тапсыратын түлектер сияқты олар да металл іздегіш рамка мен комиссияның тексерісінен өткен", - деп ашынды депутат.

Білім және ғылым министрлігі аттестацияға қатысу әр педагогтың өз қалауы екенін мәлімдесе де, жоғары жалақыдан үмітті кез келген мұғалім оған қатысуы тиіс.

"Қосымша ақыны емтиханды тапсырып қана алуға болады", - дейді Смирнова.

Сондай-ақ, депутаттың айтуынша, аттестациядан өткісі келетін мұғалімдер өтініш пен құжаттан бөлек, оқушылар, олардың ата-аналары мен әріптестері арасында жүргізілген сауалнама нәтижесі мен пікірлерін ұсынуы тиіс. Әр мұғалімнің өтінішін сарапшылар комиссиясы қарап, бекітеді. Бұған қоса, кез келген ұстаз комиссияға өзінің жетістіктері жиналған портфолио ұсынуы керек.

"Мұның бәрі қосымша ақы мәселесін шешу үшін жасалатын дүниелер. Бірақ, қалай болғанда да, мұғалім тым құрығанда елдегі орташа жалақыны да ала алмайды. Мектепке енді келген жас мұғалімнің лайықты жалақы алуы тіптен мүмкін емес. Аттестацияны өткізгеннен кейін де білім саласындағы жалақы елдегі ең төменгі еңбекақының қатарында қалып отыр", - деді халық қалаулысы.

Осы орайда Смирнова білім және ғылым министрлігіне мұғалімдердің еңбекақысы мен олардың жұмысын бағалау әдістерін өзгертуді ұсынды.

"Тіпті жұмысқа енді кіріскен педагогтың, тәрбиеші мен оқытушының еңбекақысы елдегі орташа жалақыдан төмен болмауы тиіс. Мәселен, Сингапур мен Эстония елдері осы жолды ұстанған. Финляндия, Оңтүстік Корея, Қытай және басқа да елдер де бұдан да жоғары", - деді ол.