Депутаттар жұмысында жаңа стиль мен мазмұн пайда бола бастады. Бұл туралы AMANAT партиясының съезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қажет болса, Үкіметтің нақты мүшелері мен әкімдерге сенім мәселесін көтеру қажет. Барлық деңгейдегі партия депутаттарының рейтингі алдын ала дайындалған есептерге емес, нақты істер мен азаматтардың мәселелерін шешуге негізделуі керек», – деді партия Төрағасы билік партиясының кезектен тыс съезінде.
Президенттің сөзіне қарағанда, барлық сайлау округтерінде фракциялар депутаттары арасынан кураторлар бекіту қажет. Бұл қадам олардың жауапкершілік аумағын кеңейтуде маңызды.
«Жақында Мәжіліс депутаттары өңірлердегі сапарларынан оралды. Мен бұл жұмыстың барысын байқап отырдым. Осы орайда депутаттар жұмысында жаңа стиль мен мазмұн пайда бола бастады, оның барлығы көрініп тұр. Формалды отырыстар саны азайып, сайлаушылармен тікелей кездесулер артты. Депутаттар жергілікті жерлердегі азаматтардың нақты проблемаларын зерделей бастады. Осындай қадамдарды барынша нығайтып, дамыта түсуіміз керек», - деді Мемлекет басшысы.