08 сәу, 2020 сағат 11:30

Мәжіліс арсеналдар мен базаларға қатысты құжатты мақұлдады

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың арсеналдары, базалары мен қоймалары жанындағы тыйым салынған аймақтар мен тыйым салынған аудандар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Заң жобасының негізгі мақсаты - Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың оқ-дәрілері арсеналдарының, базалары мен қоймаларының қауіпсіз жұмыс істеуін, сондай-ақ оқ-дәрілерді сақтау кезінде төтенше жағдайдың туындауы мүмкін болған жағдайда халықты, азаматтық және басқа да инфрақұрылымды қорғауды қамтамасыз ету бойынша заңнаманы жетілдіру.

«Қаралып отырған заң жобасының тұжырымдамасы биылғы 26 наурызда Мәжілістің жалпы отырысында бірінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасымен жұмыс барысында депутаттар біршама түзетулер енгізді», - деп тоқталды Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Ерман.

Заң жобасымен келесі түзетулер ескерілген:

- Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың арсеналдары, базалары мен қоймалары орналасқан жер учаскелерін және белгіленген тыйым салынған аймақтар мен тыйым салынған аудандар шегінде оларға іргелес жатқан аумақтарды қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік мұқтажына арналған жерге жатқызуға;

- Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың арсеналдарын, базалары мен қоймаларын орналастыруға және олардың қызметі үшін берілген жер учаскелерін, сондай-ақ белгіленген тыйым салынған аймақтар мен тыйым салынған аудандар шегінде оларға іргелес жатқан аумақтарды жеке және заңды тұлғалардың уақытша жер пайдалануына беруге тыйым салуды енгізуге;

- сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері, сондай-ақ мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың өздеріне заңнамамен жүктелген талаптарды орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін салынатын әкімшілік айыппұл мөлшерін жиырмадан – жүз айлық есептік көрсеткішке дейін, ал қайталап бұзған кезде қырықтан екі жүзге дейін ұлғайтуға;

- заң жобасында пайдаланылатын негізгі ұғымдарды нақтылауға бағытталған.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл наурыз айында Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың арсеналдары, базалары мен қоймалары жанындағы тыйым салынған аймақтар мен тыйым салынған аудандар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған болатын.