Фото: pixabay.com
Сот "Майқайыңалтын" АҚ аумағында автобустың шұңқырға құлап кетуі салдарынан қаза тапқан құтқарушының туыстарының құқығын қорғады. Бұл туралы "Алматы" телеарнасы хабарлайды.
Екібастұз қалалық сотының баспасөз қызметінен хабарланғандай, қаза тапқандар – "Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы" ЖШС-нің қызметкерлері.
Осы факт бойынша құралған комиссия жазатайым оқиғаға тексеру жүргізіп, оның қорытындысы бойынша жұмыс берушінің кінәсі – 100%, жұмыскерлердің кінәсі 0% екені анықталды.
"Қайтыс болған құтқарушы Т.-ның анасы, қызы, ұлы және әпкесі қызметтік міндеттерін атқару кезінде оның қайтыс болуына байланысты моральдық зиянды өтеу туралы талап қоюмен сотқа жүгінді.
Моральдық зиян олардың моральдық азап шегуінен, ұлынан, әкесінен, ағасынан айырылуының ауырлығынан, жерлеу кезінде онымен қоштасуға мүмкіндік болмауынан, жұмыс берушінің көңіл айтып, қолдау көрсетпеуінен болып отыр", - делінген сот хабарламасында.
Сот болған жазатайым оқиғаға жұмыс берушінің 100% кінәсін негізге ала отырып, қайтыс болған құтқарушының туыстарының талаптарын толық көлемде қанағаттандырып, әрбір туысының пайдасына қойылған талап көлемінде 30 000 000 теңгеден, жалпы сомасы 120 миллион теңге моральдық зиянды өндірді. Шешім заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, қайғылы оқиға 2024 жылғы 4 қаңтарда болған еді. "Майқайыңалтын" АҚ аумағындағы шақырту бойынша кетіп бара жатқан үш құтқарушы мен жүргізушісі бар автобус шұңқырға құлап кеткен болатын.