20 нау, 2019 сағат 09:44

Мәулен Әшімбаев: Нұрсұлтан Назарбаев қашанда Елбасы, Ұлт Көшбасшысы болып қала береді

«Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасының Президенті ретіндегі өкілеттігін тоқтату жөніндегі шешіміне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы ол өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды.

Мәулен Әшімбаев барлық қазақстандықтар сияқты өзінің де екіұдай сезімде отырғанын айтып, өкінішін білдірген. Сондай-ақ ол Елбасының ерлігі мен ақылы құрмет тұтуға әбден лайық екенін айтады.

«Бәріміз бұл шешімнің аяқасты қабылданбағанын білеміз. Нұрсұлтан Әбішұлының бұл қадамды қанша сағат, неше күн ойланып жасағанын тек оймен ғана шамалауға болады. Бұған дейін де Елбасы мемлекет пен халық мүддесі үшін әрдайым дұрыс шешімдер қабылдап келгені белгілі. Сондықтан бәріміз бұл шешімге құрметпен қарап, Тұңғыш Президент саясатының жалғасуы үшін қолдан келгенді жасауымыз керек. Бұл – қазақстандықтардың Тұңғыш Президенттің тұлғасы мен қызметіне көрсеткен құрметі болады», – дейді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар ол Елбасының Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы, Конституциялық кеңестің мүшесі ретінде ел дамуындағы маңызды рөлін сақтап қалатынын да тілге тиек еткен.

«Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Елбасы, Ұлт Көшбасшысы болып қала береді. Ол – тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы, ел ішінде және әлем сахнасында беделі жоғары саясаткер. Кеңес Одағынан кейін қарқынды даму деңгейіндегі экономикасы бар тұрақты және әлеуметтік мемлекет құрған тұлға. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің жігері мен батыл шешімдер қабылдау қабілетінің арқасында еліміз тәуелсіз мемлекет болып қалыптасты. Халқымыз Елбасының басшылығымен 90-жылдардағы стагнация мен саяси коллапсты жеңді. Елбасының еңбекқорлығы мен батылдығы ең қиын сынақтардан, әлемдік саяси және қаржылық дағдарыстардан өтуге көмектесті. Отыз жыл ішінде Нұрсұлтан Назарбаев әлем картасында жаңа әрі заманауи мемлекет құрды», – делінген жазбада.

Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев қиын-қыстау жылдарда Тұңғыш Президент саясатының арқасында ел экономикасына миллиардтаған доллар инвестициялар құйылып, ондаған мың жаңа жұмыс орындары ашылғанын, соның нәтижесінде мемлекеттің дамуына жақсы негіз қалыптасқанына назар аударған.

«Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Елбасының осы игі бастамаларын лайықты жалғастыру барша қазақстандықтардың міндеті екенін айтып: «Қазақстан үшін маңызды тарихи кезеңде халқымыз бірлік пен жалпыхалықтық көшбасшының бағытына қолдау танытуы керек. Алдымызда еліміздің дамуы мен азаматтарымыздың өмір сапасын арттыруға бағытталған көп міндет тұр. Барлық қазақстандықтарды бір кісідей жұмылып, қоғамдық келісімді сақтауға шақырамыз. Бұл кезеңнен бірге өтіп, сөзімізбен және ісімізбен Елбасы саясатына толықтай қолдау білдіруіміз қажет. Ортақ Отанымыз – Қазақстан Республикасының ары қарайғы дамуы мен гүлденуі бәрімізге тікелей байланысты», – деп жазған.