30 қар, 2023 сағат 14:19

«Масс-медиа туралы» жаңа заң «QosLike» сияқты бағдарламаларды жапқыза ала ма?

Сурет: primeminister.kz

Мәжіліс депутаттарына «Масс-медиа туралы» заң жобасын бірінші оқылымда таныстырған Аида Балаеваға «QosLike», «Қалаулым» сияқты бағдарламаларды жабу мүмкіндігі туралы сұрақ қойылды, деп хабарлайды Kazinform.

«Бізде қоғамның наразылығын тудырған бағдарламалар көп. «QosLike», «Қалаулымдарыңызды» айтпағанның өзінде, одан басқасы да бар. Оның зардабын да халық тартып жатыр. Жаңағы анау-мынау бағдарламалардан танылып алған жастар онлайн ойын платформаларын жарнамалайды, дәлел бар. Оның сыртында неше түрлі ток-шоу бар. Өзінің қызымен жыныстық қатынаста болған әке туралы бағдарламаны, жынысын ауыстырған адамдарды біз неге телеарналардан көруіміз керек? Осыған мониторинг жасап, тоқтату туралы ұсыныс бердік. «Масс-медиа» туралы заңның аясында осыларды тоқтату туралы тетік бар ма?», - деп сұрады депутат Ринат Заитов.

Министр А.Балаева депутат атаған бағдарламаларды жасауға бюджеттен қаржы бөлінбейтінін атап өтті.

«Сіз айтып отырған бағдарламалар көп пікірталас тудырып жатқаны анық. Ана ретінде, мемлекеттік қызметші ретінде мен сіздің жанайқайыңызды түсініп отырмын. Десе де, біз мемлекеттік орган ретінде мұндай бағдарламаларға қаржы бөлмейміз. Бұған мен кепілдік беремін. Оған ақша төленбейді. Ондай бағдарламалар бұқаралық ақпарат құралдарының өз табысына жасалады. Десе де, ол мәселе жалпы біздің қоғамның болашағына ықпалын тигізетін болғаннан кейін мен осы мәселені екінші оқылымда қарауға дайынмын. Екіншіден, сол бұқаралық ақпарат құралдарының жетекшілерін шақырып, осы мәселеге қатысты талқылау жасауға дайынмын. Өйткені оның концепциясы бар. Ол енді бір жылдық, екі жылдық дүние емес қой. Қанша жылдан бері айтып жүрміз?! Өкінішке қарай, сондай бағдарламаларды тапжылмай қарап отыратын адамдар да бар. Сондықтан осыны дұрыстап қарайық. Мен оған келісемін», - деді Аида Балаева.