30 қар, 2023 сағат 13:57

«Масс-медиа туралы» заң жобасы: Депутаттар «баспасөз картасына» қарсылық білдірді

Фото: pixabay.com

Мәжіліс депутаттарына «Масс-медиа туралы» заң жобасын бірінші оқылымда таныстырған Аида Балаева талай пікірталасқа тақырып болған «баспасөз картасы» туралы нормаға түсінік берді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

«Біз, «Amanat» фракциясы бұл нормаға үзілді-кесілді қарсымыз. Мұндай құйтырқы форматты шектеу нормаларын енгізуді қою керек деп есептейміз. Осыған орай, Мәжілістегі «Amanat» фракциясы өз алаңдаушылығын білдіріп, салыстырмалы кестеден ол норманы алып тастауды ұсынған. Нақты сұрағым: осы нормаға салалық министр ретінде көзқарасыңыз қандай? Журналистер қауымы мен «Amanat» депутаттарының ұстанымын қолдайсыз ба?», – деп сұрады Мәжіліс депутаты Айдос Сарым.

Министр бұл норманы заң жобасында қалдыру немесе қалдырмау мәселесі әлі нақты шешілмегенін айтты.

«Бұл тармақ, бастама журналистердің ешқандай құқығын бұзбайды. Себебі біздің министрліктің 2024 жылғы жұмыс жоспарында медиа саласындағы барлық мәселені реттеу үшін медиаплатформа жасақтап, іске қосуды қарастырып отырмыз. Ол БАҚ-тың заңды есепке тұруы, есептен шығуы, газет-журналдардың түпнегізін сақтау, аккредиттеу мәселелерін автоматтандыру үшін құрылады. Бұл – журналистердің жұмысын жеңілдетуге бағытталған норма болатын. Бұл норма депутаттар корпусын да, журналистерді де екіге бөліп отырғанын ескеріп, екінші оқылымға дейін тағы да жан-жақты қарап, ортақ бір мәмілеге келсек болады. Біз белден басып, тек қана өзіміздің нормамызды енгіземіз деген мәселе жоқ», – деді министр.