23 қаң, 2021 сағат 17:38

Мәскеудегі наразылыққа 40 мың адам жиналды

Ауа райының салқындығына, полицияның ескертуіне қарамастан, 23 қаңтарда Мәскеудегі Пушкин алаңында ондаған мың адам жиналып, оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйды босатуды талап етті. Полиция жиналғандарды резеңке шоқпармен ұрып, күш қолданып, таратуға тырысты.

Reuters агенттігінің есептеуінше, Мәскеудегі наразылық шарасына 40 мыңға жуық адам қатысқан. Ресей ішкі істер министрлігі ел астанасындағы жиынға 4 мың кісі келді деген ақпар таратты.

Журналистер бүгінгі жиынды 2017 жылдан бергі ең ірі наразылық акциясы деп атады. 

AFP агенттігінің хабарлауынша, Мәскеудегі жиында полиция мен демонстранттар арасында қақтығыс болып, тәртіп сақшылары күш қолданған. Полиция жасағы алаңдағы адамдарды ұстау кезінде де күш қолданып жатыр. "ОФД-инфо" тобының есептеуі бойынша, бүкіл Ресей аумағында ұсталғандар саны 1100 адамға жетті. Бұл сан әлі де өсіп жатыр.

Полиция ұстап әкеткендер арасында Навальныйдың әйелі Юлия Навальная мен "Жемқорлықпен күрес" қорының заңгері Любовь Соболь бар. Соболь Пушкин алаңында Навальный жақтастары алдында сөз сөйлеп жатқан кезінде ұсталды. Осы оқиғадан соң жиналған жұрт "Люба! Люба!" деп айқайлай бастады.

  • 23 қаңтарда оппозицияшыл саясаткер Алексей Навальныйдың жақтастары оны қолдау үшін жалпыұлттық қарсылық акциясын ұйымдастырып жатыр. Елдің түкпір-түкпірінде мыңдаған адам қатысқан митингілер өтіп, жүздеген адам ұсталды.
  • "Новичок" уымен уланып, ауруханаға түскен Алексей Навальный Германияда емделіп, 17 қаңтарда Ресейге келген бетте Мәскеу әуежайында ұсталған.
  • Қиыр Шығыс пен Сібірде мыңдаған адам қатысқан жиындар. Мәскеудің Пушкин алаңында, Санкт-Петербургтың Сенат алаңында жиын әлі жалғасып жатыр. Полиция жиын басталмай жатып белсенділерді ұстай бастаған.