Кремль мектептерде тілді оқыту мәселесіне қатысты Татарстанның позициясын қабылдамайды, Ресейдегі аз ұлттардың тілін мектепте оқыту бұрынғыша қалады. Бұл туралы РБК жазады.
Басылымның сұрағына жауап берген дереккөз биліктің мектептерде ұлт тілдерін оқыту ісіндегі позициясы өзгермейтінін айтқан.
«Бәрі заңға сәйкес болады – ұлт тілдері ерікті түрде оқытылады. Бұл барлық ұлттық республикаларға ортақ тәртіп, ешкімге ерекше жағдай жасалмайды» деген ол.
Мұны РБК газетіне Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков та растаған. «Иә. Шынында солай» деп қысқа жауап берген ол.
Татарстанда татар тілін оқыту мәселесінен туған талас-тартыс бірнеше айдан бері жалғасып келеді.
Республика мектептерінде 1 сыныптан 9 сыныпқа дейін татар тілі міндетті түрде оқытылады. Дау Татарстандағы орыстілді белсенділердің мектептерде татар тілін міндетті оқытуға қарсы шығуынан басталып, бұл орыстілді және татартілді ата-аналар арасында ұрыс-керіс туғызды.
Шілде айында ұлтаралық қатынастар кеңесінің отырысында Ресей президенті Владимир Путин татар тілін оқыту ісіне қатысты пікір білдірді.
«Ұлттық тілдерді оқыту – ерікті құқық. Адамға туған тілі емес тілді күштеп оқытуға және орыс тілін оқыту деңгейі мен уақытын төмендетуге жол берілмейді» деді ол.
Бір ай өткен соң Путин бас прокуратураға аймақтарда азаматтардың ана тілі мен ұлт тілдерін оқу құқығы қалай қорғалып жатқанын тексеруді тапсырды. Артынша Татарстан мектептерінде прокурорлық тексерулер басталған. Ал татар тілі мұғалімдері арасында сағатымыз қысқара ма деген қауіп пайда болған.
Бұдан бір аптадай бұрын Татарстан президенті Рустам Минниханов татар тілін республика мектептерінде оқыту бұрынғыша міндетті болып қала береді деп мәлімдеді. Алайда, ол татар тілін оқыту сағаты аптасына 5-6 сағаттан екі сағатқа қысқаратынын, бұл мәселе федералды министрлікпен келісілгенін айтты.
Ал РБК-ға сұхбат берген федералды шенеунік республика мектептерінде татар тілін оқытуды міндетті етіп қалдыру ісінде Татарстанға кепілдік берілген жоқ деген.