ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімовтің «Егемен Қазақстан» газетінде комитеттің 25 жылдығына арналған мақаласы жарияланды. Онда отандық ұлттық қауіпсіздік органдарының ширек ғасырдағы жеткен жетістіктері баяндалған.
«Нұрсұлтан Әбішұлының ерік-жігері мен стратегиялық көзқарасы бүкіл еліміз үшін де және өзінің жаңа тарихын 1992 жылғы 13 шілдеден бастаған дербес арнайы құрылым - ұлттық қауіпсіздік органдары үшін де тағдыршешті болды», - деп жазады Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы.
Жақында Ақордада ҚР Президенті «ЭКСПО»-ның ашылу салтанатының қауіпсіздігін тиімді қамтамасыз еткені үшін басқа ведомстволар қатарында ҰҚК органдарына да ризашылығын білдірген. «Көптеген мемлекет басшылары мен басқа да меймандардың қатысуымен өткен «ЭКСПО-2017»-нің ашылу салтанатын қамтамасыз еткен еліміздің бүкіл полиция қызметіне, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, «Сырбар» сыртқы барлау қызметіне және басқа да органдарға алғыс жариялағым келеді», - деді Қазақстан Президенті.
ҰҚК төрағасының айтуынша, комитет қызметкерлері шетелдік астыртын әрекеттерге тойтарыс берген. «Өткен 25 жыл ішінде біздің қарсы барлаушыларымыз жеткілікті деңгейде тәжірибе мен машықтарға ие болды. Мемлекеттік құпияларды қорғаудың, барлау-бүлдіру әрекеті мен Қазақстанның ішкі ісіне заңсыз араласуға қарсы тұрудың өзіндік жүйесі қалыптасты. Бірқатар шпиондық әрекеттер мен жекелеген шетелдік арнайы қызметтер мен ұйымдардың мемлекеттік органдарға сыналап кіріп, құпия ақпараттарға қол жеткізу жоспарларының жолы кесілді. «Сапфир» және «Виктория» қарсы барлау операциялары аса жоғары деңгейде өткізілді. 2007 жылы АҚШ Президенті Дж.Буш: «АҚШ тарихында ядролық таратпау ісінде Қазақстаннан асқан әріптес әзірше болған емес», - деп кездейсоқ айтпаса керек», - деп жазады Кәрім Мәсімов.
Оның айтуынша, халықаралық қалыптасқан жағдайларға байланысты ҰҚК мекемені жаңғырту және ребрендинг жасау жұмыстары жалғастырылып келеді. «Заман талабы еліміздің алдына жаңа сынақтар қойып отыр. Бұл жайт қауіпсіздік қызметінің қырағылығын, ұтқырлығын, техникамен жабдықталуын және ерекше шешім қабылдауын қажет етеді. Біз алдын ала әрекет жасауды меңгердік және бүгінде ҰҚҚ кез келген тапсырманы орындауға әзір екенін айта аламыз», - дейді ҚР ҰҚК төрағасы.