03 қар, 2017 сағат 13:37

Мәсімов пен Мырзахметов «Нұр Отан» партиясының саяси бюро құрамынан шығарылды

Бүгін «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында бюро құрамында өзгерістер орын алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Партия Жарғысына сәйкес егер партия мүшесі құқық қорғау органдарына ауысатын болса, онда ол партиядан шығарылады. Сондықтан Мәсімов ҰҚК төрағасы болып тағайындалғаннан кейін Бюро құрамынан шығарылды. Оның орнына Жақсыбеков қосылып, кандидатурасын  саяси кеңес мүшелері бірауыздан қолдады», - деді  отырыстан кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат берген «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев.  

Сонымен қатар ол Саяси Бюро құрамынан ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтің де шығарылғандығын айтты.

«Ол Үкіметтегі жұмысына баса назар аударуы тиіс болды. Сондықтан бюро құрамынан шығарылды. Бірақ, Саяси Кеңесте қалады», - деді ол.  

Қаныбек Жұмашев БАҚ өкілдерінің Кәрім Мәсімов «Нұр Отан» партиясының мүшесі болып қала бере ме деген сауалына дәл қазіргі уақытта жауап бере алмайтындығын айтты. «Оны қазір тексеру қажет. Бізде партия мүшелерінің арнайы базасы бар. Бұл базаны әрбір бастапқы партиялық ұйым қадағалап отырады. Дегенмен, оның Саяси бюро құрамынан шығарылуы, оның құқық қорғау органдарына жұмысқа ауысуы партия қатарынан шығарылды дегенді білдірсе керек», - деді партия хатшысы.

Оның дерегінше, партияның саяси кеңесіне еліміздің барлық өкілдерінің өкілдерінен жасақталған 100 адам мүше. Ал саяси бюроға аталған саяси кеңестен мүшелер сайланады.