11 нау, 2020 сағат 16:00

Марат Сұлтанғазиев мемлекеттік кірістегі негізгі көрсеткішті атады

2019 жылдың қорытындысы бойынша салық берешегі 12 пайызға қысқарды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Негізгі көрсеткіштердің бірі - берешектер мен артық төлемдердің қысқаруы. Әкімшілендіруді жақсарту бойынша қабылданған шаралар соңғы 4 жылда артық төлемдердің ең үлкен көлеміне - 2,3 трлн теңгеден 2,1 трлн теңгеге дейін төмендетуге мүмкіндік берді. 2019 жылдың қорытындысында ол 157 млрд теңгеге немесе 2,1 трлн теңгеге дейін қысқарды. Қабылданған шаралардың есебінен салық берешегін 12 пайызға немесе 28,3 млрд теңгеге төмендету қамтамасыз етілді. Ол 2020 жылдың 1 қаңтарында 204 млрд теңгені құрады», - деді ол.

Комитет басшысының айтуынша, қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алудың ашықтығын арттыру мақсатында оған қатысушылардан қаржылық тұрақтылығын растау талап етіледі. Бұл да 58 салық төлеушінің бюджетке 1 млрд теңгеден астам төлем жасауын қамтамасыз етіп отыр.

«Бұған қоса, өткен жылы іске қосылған тәуекелі бар компанияларды анықтау және оларға ерте сатыда электронды шот-фактуралар жазып беруді шектеу бойынша ілкі жоба жүзеге асырылып жатыр. Жоба басталғаннан бері 30 млрд теңгенің қосылған құн салығын заңсыз есепке жатқызудың жолы кесілді. Мұның барлығы да салық мәдениеті мен тәртібінің артуына ықпал етті. Салықтық мониторинг нәтижесінде 36 пайызға немесе 323 млрд теңгеге өсім қамтамасыз етілді», - деді Марат Сұлтанғазиев.