04 қар, 2021 сағат 10:43

Марат Шоранов: Оқушылар арасында коронавирус 13 есе азайды


Қазан айының соңғы екі аптасында оқушылар арасында сырқаттану 1,3 есе төмендеген. Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Марат Шоранов осындай мәлімет келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мектепке дәстүрлі форматта баратын оқушылар арасында 15 028 жағдай тіркелді. Оның ішінде байланыста болған адамдар арасында – 1 317 науқас анықталды. Бұл ауырған оқушылардың жалпы санының 8,7 пайызына тең.

Қазан айының соңғы екі аптасында оқушылар арасында сырқаттану 1,3 есе төмендеді», - деді министрдің бірінші орынбасары.

Оның сөзіне қарағанда, Павлодар, Ақмола, Маңғыстау, Түркістан облыстарында сырқаттанудың 1,4 есеге дейін өсуі байқалып отыр.

«Ошақтарда 159 мың байланыста болған адам анықталды. Оның ішінде 0,8 пайызында (1317) COVID-19-дың оң нәтижесі тіркелді», - деді Марат Шоранов.

Айта кетейік, Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин өңірлердің бәрінде коронавирусқа қарсы шектеу шараларын қамтамасыз етуді тапсырды.

«Жалпы эпидемиологиялық жағдай жақсарып келеді. Барлық өңірлерде вирус жұқтыру деңгейі, ауыр жағдайдағы науқастардың, стационарлық және амбулаторияда ем алып жүгендердің саны азайды. Алматы және Нұр-Сұлтан қалалары «қызыл» аймақтан шықты. Қазір онда тағы төрт өңір қалды. «Сары» аймақта – 4, «жасыл» аймақта – 9 облыс бар. Дегенмен көрші елдердегі жағдайды да ескеру керек. Барлық өңірлерде шектеу шараларын қамтамасыз ету қажет. Мониторинг топтары күшейтілген режимде жұмыс істеуге тиіс», - деді ол Үкімет отырысында.